ҰЭМ басшысы «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат» жобасының негізгі бағыттары туралы баяндады

ҰЭМ басшысы «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат» жобасының негізгі бағыттары туралы баяндады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Отандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат» жобасын таныстырды.

Жаңа экономикалық саясат шеңберінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту және бизнес үшін қолайлы орта құру жоспарлануда.

ҰЭМ басшысы атап көрсеткендей, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында реттеуші ортаны жетілдіру, «таза парақтан» реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылауды автоматтандыру шаралары қабылданады.

Монополияға қарсы реттеуде жазалаушы бағыттан кетіп, «жұмсақ құқық» құралдарын кеңінен қолданатын проактивтік бәсекелестік саясатты енгізу көзделеді.

«Yellow Pages» қағидатына сәйкес, субъектілерді одан әрі жекешелендіру, оңтайландыру және тарату жөніндегі шешімдердің сапасы артады. «Самұрық-Қазынаның» басқару моделі орта мерзімді перспективада стратегиялық холдинг ретінде айқындалады. «Бәйтерек» инвестициялар тарту, ұлттық өнім экспортын ілгерілету саласындағы негізгі даму институты ретіндегі рөлін арттыруды жалғастырады», - деді министр.

Ол мемлекеттік органдардың барлық деңгейлерде инвестициялық саясатта инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін белсенді өзара іс-қимылға бағдарланатынын атап өтті.

Жаңа экономикалық саясаттың орта мерзімді кезеңге арналған түйінді бағдары шикізаттық емес секторға инвестиция тарту болып қала береді. Бұл ретте инвестиция тарту саясаты ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын ескеруге бейімделеді.

Индустриялық саясатқа келсек, ол кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және трансформациялауға деген сұранысты қолдауға қайта бағдарланады.

Мемлекеттік қолдау азық-түлік желісі мен көрсетілетін қызметтерді кеңейтуге және жаңа нарықты игеруге бағытталады.

Ведомство басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібі өндірісін дамыту шеңберінде отандық өндірушілердің шикізатқа қолжетімділігін арттыру қамтамасыз етіледі. Жаңа өндіріс құру және олардың көлемін ұлғайту, импорттық тауарға тәуелділікті офтейк-келісімшарттар мен офсеттік мәмілелер тетігін дамыту арқылы қысқарту жалғасады.

АӨК дамытудың басты мақсаты импортқа тәуелділікті азайту және өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшу.

Сондай-ақ туристік саланы дамытуға баса назар аударылады. Экотуризм объектілерінде «жұмсақ» инфрақұрылымды дамытуды көздейтін туристік өнімдерді ұсыну бойынша кешенді жұмыс жоспарлануда.

«Салық-бюджет саясатын іске асыру макроэкономикалық және бюджеттік тұрақтылықты, салық базасын ынталандыру мен кеңейтуді және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жанама салық салу тәсілдері жетілдіріледі», - деді Ұлттық экономика министрлігі басшысы.

Отырыс барысында қатысушылар пікір алмасты. Кәсіпкерлер өз идеялармен бөлісті.