ҰЭМ басшылығы Халықаралық валюта қорында бірқатар кездесулер өткізді

ҰЭМ басшылығы Халықаралық валюта қорында бірқатар кездесулер өткізді

Вашингтонға жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Ли және Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия бөлімінің басшысы Николя Бланшемен кездесті.

ҰЭМ басшысы Қазақстандағы ағымдағы макроэкономикалық жағдай және ҚР Үкіметі жүргізіп жатқан экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бо Ли мырза әлемдік экономиканың алдында тұрған қазіргі сын-қатерлер, соның ішінде инфляцияның ушығуы және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп туралы өз пікірімен бөлісті. Осыған байланысты ол Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін фискалдық резервтердің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Николя Бланше ХВҚ-ның қыркүйекте болатын ҚР-дағы миссиясы туралы және оның барысында инфляцияға қарсы тиімді іс-қимыл бойынша ұсынымдар әзірленетіні туралы хабардар етті.

Кездесу қорытындысында тараптар барлық маңызды мәселелер бойынша белсенді өзара іс-қимылды қолдауға, сондай-ақ макроэкономикалық модельдеу, көміртекті бейтараптыққа көшу және "жасыл" қаржы сияқты салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті.