Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Екатеринбургте өткен «Ресей-Қазақстан өнеркәсіптік диалогы» форумына қатысты

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Екатеринбургте өткен «Ресей-Қазақстан өнеркәсіптік диалогы» форумына қатысты

ҰЭМ басшысы өз сөзінде өнеркәсіптік серіктестікті дамыту үшін тиімді алаңға айналған ИННОПРОМ көрмесінің маңыздылығын атап өтті.

«Көп жылдан бері өткізіліп жатқан бұл шара аясында мыңдаған қазақстандық және ресейлік өндірушілер байланыс орнатып, өнеркәсіп секторындағы жүздеген жаңа жобаларды іске асыра бастады», - деді ол.

Ә.Қуантыров екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне жеке тоқталды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің тауар айналымы 32%-ға өсіп, $20 млрд. құрады.

«Тауар айналымының өсуі негізінен қосылған құны жоғары тауарлар есебінен жүреді, олар бойынша 2021 жылы өсім 34% немесе $14,6 млрд. құрады», - деп нақтылады ҰЭМ басшысы.

Бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі бірлескен кәсіпорындар саны 366-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға өсті.

Қазақстан-Ресей кооперациясы шеңберінде жалпы сомасы $437,8 млн. құрайтын 13 ірі жоба іске асырылды. 3,5 мыңнан астам жұмыс орын құрылды.

«Аталған жобалардың ішінде Трансмашхолдингпен электровоздар, Петербург трактор зауытымен бірлесіп тракторлар өндірісін атап өтуге болады», - деді экономика ведомствосының басшысы.

Министр әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі, халықаралық саудадағы қазіргі ахуалы мен санкциялық текетірестер жағдайында екі елдің өнеркәсіптік кооперациясын тереңдету қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Қазақстан мұнай-газ саласы мен машина жасаудағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

«Сондықтан ресейлік ірі мұнай және машина жасау компанияларына ҚР-дың мұнай-газ машина жасау саласына инвестиция салуды ұсынамыз. Қазақстанның машина жасау саласында автомобиль өнеркәсібі де ерекше орын алады. Екіжақты ынтымақтастық бағыттарының бірі жинақтаушы және қосалқы бөлшектерді игеру бөлігінде автомобиль жасау болуы мүмкін», - деп мәлімдеді Ә.Қуантыров.

Ол сондай-ақ ресейлік көлік компанияларын Қазақстан аумағында стандартты контейнерлер өндіру бойынша жобаларға инвестиция салуға шақырды.