Ұлттық экономика министрі JP Morgan компаниясының басшылығымен кездесті

Ұлттық экономика министрі JP Morgan компаниясының басшылығымен кездесті

Бүгін Нұр-Сұлтанда Әлібек Қуантыров пен JP Morgan компаниясы Төрағасының орынбасары, мемлекеттік сектор және инфрақұрылымдық инвестициялар мәселелері жөніндегі тең басшысы Дэниел Зеликовтың кездесуі өтті. Іс-шараға AIX Басқарма Төрағасы Ренат Бектұров та қатысты.

Кездесу барысында тараптар қазіргі жағдайдағы экономиканы дамыту, әлемдік нарықтың жай-күйі, фискалдық саясат, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін, ішкі және сыртқы факторлардың қаржылық тұрақтылыққа әсерін талқылады.

ҰЭМ басшысы әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып, күрделі жағдайға қарамастан ағымдағы жылдың бес айында ЖІӨ өсімі 4,6% - ға дейін жеделдегенін атап өтті. Халықаралық рейтингтік агенттіктер ҚР-дың тәуелсіз кредиттік рейтингін растады, болжам - "Тұрақты".

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, елімізде инвестициялық климатқа да ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанда ірі жобаларды іске асырып жатқан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған.

Бұдан басқа, АХҚО алаңында ағылшын құқығы қолданылатын AIX (Astana International Exchange) инвестициялық хабы жұмыс істейді.

Дэниел Зеликов жаһандық нарықтағы жағдай, геосаяси жағдайдың экономикаға әсері туралы өз пікірімен бөлісіп және барлық маңызды бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров JP Morgan компаниясына жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.