Ұлттық экономика министрлігінде қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді

Ұлттық экономика министрлігінде қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді

ҚР Ұлттық экономика министрлігінде қоғамдық кеңестің жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті.

Қатысушылар қоғамдық кеңестің қызметі, Министрліктің даму жоспары мен 2021 жылға арналған бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен бюджеттік бағдарламаларды талқылады.

Бұған дейін ҰЭМ-де қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру бойынша жұмыс тобы құрылып, конкурстық негізде кандидаттарды іріктеу жүргізілді.

Қоғамдық кеңестің құрамына 15 адам кірді. Олардың арасында Банкроттық рәсімдердегі кәсіби басқарушылар одағының, Адвокаттар алқасының, ҚР Аудиторлар палатасының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Блокчейн және индустрия ұлттық қауымдастығының, Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының, Стратегиялық бастамалар орталығының, Президенттік Жастар кадрлық резервінің өкілдері және тағы басқалар бар.

Отырыс барысында ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы болып экономист Алмас Чукин сайланды.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров өз сөзінде атап өткендей, консультативтік-кеңесші органға кандидаттарды іріктеу барынша ашық түрде жүргізілді. Ол белсенді азаматтық ұстанымы үшін Кеңестің жаңа мүшелеріне және жұмыс тобының өкілдеріне алғысын білдірді.

«Бүгінде қоғамдық кеңестер институты түрлі мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру алаңына айналды және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғаммен кері байланыстың болуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды іс жүзінде бастауға мүмкіндік берді», - деді министр.

Оның айтуынша, Кеңес қызметі барысында нормативтік құқықтық актілер жобаларын міндетті түрде келісу жұртшылықтың шешім қабылдау процесіне ықпалын арттыруға мүмкіндік берді. 6 жыл ішінде Кеңестер 1000-нан астам НҚА жобаларын қарастырды.