Ұлттық экономика министрлігінде ҚР-дағы «ExxonMobil» басқарушы директорымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ұлттық экономика министрлігінде ҚР-дағы «ExxonMobil» басқарушы директорымен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бүгін Нұр-Сұлтанда Әлібек Қуантыров Қазақстандағы «ExxonMobil» басқарушы директоры Динеш Сивасамбумен кездесті.

Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру шеңберіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалық бағыттары талқыланды.

ҰЭМ басшысы мұнай-газ саласын дамыту тек отын өндіруде ғана емес, бүкіл әлемде қолданылатын өнеркәсіптік бұйымдарды өндіруде де маңызды екенін атап өтті.

Сонымен бірге, Қазақстан өнеркәсіпті экологияландыру жағына қадам жасап, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін белсенді жұмыс істеуде. Ә.Қуантыров ірі американдық компанияны осы процеске қосылуға және өзінің көзқарасын ұсынуға шақырды.

Еліміздегі шетелдік кәсіпорындардың қызметіне келетін болсақ, қазақстандық тарап олардың ұсыныстарын назарға алып, инвестициялық ахуалды жақсарта отырып, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауда. Осы бағытта тараптар ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі (ШИК) мен «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» Қауымдастығының (ҚШИКҚ) тиімді қызметін атап өтті.

Динеш Сивасамбу «ExxonMobil» Қазақстанда ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқанын және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі Стратегияны әзірлеуге қатысуға дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барынша күш салуға келісті.