ҚР мүдделі мемлекеттік органдары және Дүниежүзілік Банк өкілдері 2020-2025 жылдарға арналған Негіздемелік әріптестік стратегиясын іске асыруды талқылады

ҚР мүдделі мемлекеттік органдары және Дүниежүзілік Банк өкілдері 2020-2025 жылдарға арналған Негіздемелік әріптестік стратегиясын іске асыруды талқылады

Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Ұлттық экономика министрі, Қазақстаннан Дүниежүзілік Банк басқарушысы Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік Банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесті.

Іс-шараға басқа да орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто қатысты.

Отырыс барысында ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік Банктің 2020-2025 жылдарға арналған Негіздемелік әріптестік стратегиясы шеңберіндегі бірлескен қызметінің аралық қорытындылары шығарылды. Сындарлы диалог барысында қатысушылар ҚР Үкіметі тарапынан да, Дүниежүзілік Банк тарапынан да өзара ынтымақтастықтың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікір алмасты.

ҚР ҰЭМ басшысы атап өткендей, 30 жылдық ынтымақтастықта Дүниежүзілік Банктің белсенді қатысуымен және жәрдемдесуімен әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, инклюзивті өсуге жәрдемдесу, адами капиталды нығайту, экономиканы декарбонизациялау және елдің көміртегі нарығын жетілдіру секілді Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі стратегиялық пайымдаулары мысал болады.

Өз кезегінде Татьяна Проскурякова ҚР мен ДБ өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, Негіздемелік әріптестік стратегиясы шеңберінде барлық бағыттар бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Сонымен қатар, тараптар бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға жаңа серпін беруге уағдаласты.