Ұлттық экономика министрі Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы делегациясының мүшелерімен кездесті

Ұлттық экономика министрі Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы делегациясының мүшелерімен кездесті

Бүгін Нұр-Сұлтанда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы делегациясының мүшелерімен кездесті. Олар ТүркПА-ның экономика мәселелері жөніндегі комиссиясының IX отырысына қатысу үшін Елордаға келді. Халықаралық іс-шараның басты тақырыбы «Пандемиядан кейінгі экономика: ШОБ-ты мемлекеттік қолдау».

Кездесуге қатысушылар экономикалық саладағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара іс-қимылдың перспективаларын белгіледі.

Ә.Қуантыров Мемлекет басшысының Үкімет алдына бизнесті қолдау, инвестиция тарту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнату бойынша нақты міндеттер қойғанын еске салды.

Министрдің айтуынша, пандемия әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер етті. Қазақстанда жедел шаралар қабылданды. Атап айтқанда, бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Өз кезегінде ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау Департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі отандық тауар өндірушілерді жүйелі қолдау басты міндеттердің бірі болып қалатынын хабарлады. Қазіргі уақытта елімізде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда. Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң қабылданды. Өңірлерде мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы делегациясының мүшелері Қазақстанның түркі әлемінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, ТүркПА аясындағы ынтымақтастық тек нығая түсетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, қазіргі халықаралық саясатта түркі әлемінің маңызы артып, Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екендігі айтылды. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жақында Түркия Республикасына жасаған мемлекеттік сапары осының айқын дәлелі.

Кездесу қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров ТүркПА комиссиясының IX отырысына қатысушыларға табыс және жемісті жұмыс тіледі.