Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 55 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда

Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 55 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда

Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Маңғыстау облысының негізгі экономикалық көрсеткіштері мен іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндады.

Ұлттық экономика вице-министрі атап өткендей, Маңғыстау облысы еліміздің мұнай-газ өндіретін өңірі болып табылатынын атап өтті. Жергілікті экономика құрылымында 52% өнеркәсіпке тиесілі, оның 46% – тау-кен өндірісі.

«5 жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 9,2%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,5 еседен астам ұлғайды. 2017 жылдан бастап ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 39,3%-ға, негізгі капиталға инвестициялар көлемі 1,4 есе өсті. Жыл сайын ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі артып келеді, 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,6%-дан 31,6%-ға дейін өсті», - деп нақтылады Б.Омарбеков.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге сомасына 2 051 жоба субсидияланды.

««Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл өңірде 28 жобаны жүзеге асыруға 8,4 млрд теңге бөлінді. 15 елді мекенді қамту жоспарлануда. 2022 жылға «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 209 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 960,2 млн теңге жоспарланған», - деді ол.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру облыстың ЖӨӨ-ні 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды, 55 мың жаңа жұмыс орындарын құруды, шамамен 1,2 трлн жеке инвестицияларды тартуды, өңдеу өнеркәсібі көлемінің 43%-ға өсуін және туристер ағынының 2025 жылға қарай 4,6 есе өсуін қамтамасыз етеді.