Төрт айда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады

Төрт айда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрады

Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды.

ҰЭМ басшысы өз сөзінде ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4% құрағанын атап өтті. Аталған есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектор өсімінің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, қызмет көрсету секторында тұрақты динамика байқалуда.

«Нақты сектордағы өсім 5,1%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ға дейін ұлғайды», - деді министр.

Оның айтуынша, салалар арасында көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 2,3%-ды құрады. 2022 жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3%-ға өсіп, 28,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 65,8%-ға өсіп, 19 млрд АҚШ долларынан асты. Тауарлардың импорттық көрсеткіші - 9,5 млрд АҚШ доллар. Жалпы, оң сауда балансы 9,6 млрд АҚШ долларын құрады.

«Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті. Барлық өңірлерде оң өсім байқалды. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау және Жамбыл облыстарында байқалуда», - деді Ә.Қуантыров.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 18,6%-ға, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі – 13,3%-ға, құрылыс материалдары – 9,5%-ға, дайын металл бұйымдары – 10,8%-ға, фармацевтика өнімдері – 6,4%, киім – 13,8%-ға дейін серпінді өсуі қамтамасыз етілді.

«Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,4%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 16,9%, газ өндіруде 6,4%, шикі мұнай өндіруде 5,0%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 4,2%, металл кендері 1,8% және көмір өндіруде 1,7% құрады», - деді ведомство басшысы.

2022 жылдың 4 айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,5%-ға өсті. 3,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында есепті кезеңде жалпы өнім шығару 1,9%-ға ұлғайды.

«Барлық көрсеткіштер бойынша 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында оң өсім байқалады», - деп түйіндеді министр.