Ұлттық экономика министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Ұлттық экономика министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралады. Сонымен қатар облыс тұрғындарымен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті.

ҰЭМ басшысы Заречное ауылындағы қуаттылығы 50 МВт «Ыбырай» жел электр стансасының құрылысы барысымен танысты. Жобаның құны - 26 млрд теңге.

Қостанай қаласында Ұлттық экономика министрі Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «АгромашХолдинг KZ» зауытында болды. Ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда кәсіпорын 5,5 млрд теңгенің өнімін шығарған.  Өндіріс 423 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сол күні министр Қостанай облысының тұрғындарымен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, ауылдарды дамыту, әлеуметтік нысандар салу, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үйді кредиттеу мәселелері қозғалды.

«Биыл «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беруге 20 млрд. теңге қарастырылған.  Оның ішінде Қостанай облысында 246 маманға 1 млрд.-тан астам теңге бөлінеді», - деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қарқынды іске асырылуда. Ағымдағы жылы  республика бойынша 120 млрд теңге бөлінді. 570 ауылдық елдімекенді қамтитын 1 044 жоба жүзеге асырылады. Қостанай облысында  32 ауылды қамту жоспарлануда.

Министрлік сонымен қатар, өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылы Қостанай облысында 750 млн теңге сомасындағы 4 жоба іске асырылды.

«Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін өңірлерде ШОБ-қа жеңілдетілген кредит берудің жаңа тетігі енгізілді.  Аталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туғызады», – деді Ұлттық экономика министрі.

Әлібек Қуантыров «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде өткен жылғы қорытынды бойынша Қостанай облысында жалпы сомасы 45 млрд теңге кредит сомасындағы 1 мыңнан астам жоба субсидияланғанын атап көрсетті.

Тұрғындармен және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесуден соң, ҰЭМ басшысы азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Жұмыс сапарының екінші күні шеңберінде министр Алтынсарин ауылында болды. Ол «Ауыл – Ел бесігі» бойынша күрделі жөндеуден өткен Алтынсарин жалпы білім беретін мектебін аралап көрді.  Мұнда 200 бала оқиды.

Министр сонымен қатар МЖӘ бағдарламасы бойынша салынған нысандарды аралады. Олардың қатарында Қостанайдағы жаңа Мұз сарайы да бар.  Құрылыс алаңы 8 мың шаршы метрден асады.  Ол 2 500 орынға есептелген.  Сонымен қатар МЖӘ шеңберінде қалада 50 метрлік бассейн салынды. Ауданы шамамен 4 мың ш.м.

 Бұдан басқа, ҰЭМ басшысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінде болып, онда тариф саясатын талқылады.