«1 қазанда МЖӘ жобаларының жалпы саны 1 253, сомасы 3,5 трлн. теңге. Оның ішінде 1,6 трлн. теңгеге 615 шарт жасалды. 1,9 трлн теңге сомасындағы 638 жоба дайындық сатысында», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін Үкімет отырысында Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндай келіп.
ҚР ҰЭМ басшысы атап өткендей, көптеген жоба білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына тиесілі.
Көп қаражатты қажет ететін жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, мәдениет және спорт саласында.
«Ағымдағы жылғы мамырда саннан сапаға көшу мақсатында МЖӘ жобаларын санаттарға бөлу енгізілді.
МЖӘ жобалары бюджеттен өтеу бойынша шартты түрде 3 санатқа бөлінді:
I санат –жеке әріптестің инвестициялары мен операциялық шығындарын бюджеттен толықтай өтеу.
II санат –бюджет есебінен инвестицияларды ішінара өтеу.
III санат – бюджеттен өтеусіз. Өтеу негізінен нарық есебінен орын алады», - деді министр.
Сол арада, Ұлттық экономика басшысы Министрлік қабылдаған жергілікті жердегі жобалардың сапасын үйлестіру мен бақылау шараларына назар аударды. Бұлар:
– ЖАО өтеу лимиттері;
– жоспарланған жобаларды мониторингілеу;
– жобалардағы маржаны бақылау;
– жасалған және жоспарланған жобалардың қолжетімділігі мен ашықтығы.
Министрліктің деректері бойынша, МЖӘ жобаларына жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызу үшін мынадай жаңа шаралар ұсынылады:
1. МЖӘ «бірыңғай терезесі»;
2. «Пакеттік шешімдер»;
3. «Қайтарымды» МЖӘ;
4. МЖӘ процестерін цифрландыру.
Экономикалық ведомство осы жаңалықтарды іске асыру үшін заң жобасының тұжырымдамасын жасап, заңнамалық түзетулер жобасын дайындауда.
Бүгінгі күні МЖӘ орталығы базасында МЖӘ жобалары бойынша «Бір терезе» құрылды. «Бір терезе» офисінің міндеті – инвесторлармен өзара іс-қимыл, МЖӘ жобалары бойынша ақпараттық-консультациялық сүйемелдеу, сондай-ақ МЖӘ және концессия саласындағы заңнама нормаларын түсіндіру.
Қазіргі уақытта МЖӘ орталығының сайтында инвесторлар үшін жобалар базасы және МЖӘ мен концессиялар жөніндегі заңнамаларға сілтемелер орналастырылған «Бір терезе» жеке қойындысы жұмыс істеуде. Инвесторлар жоспарланып жатқан болсын, іске асырылып жатқан жобалар болсын, өздерін қызықтырған кез келген ақпаратты өз бетінше ала алады.
«МЖӘ-ні одан әрі жетілдіру мақсатында барлық рәсімдерді электрондық форматқа көшіру ұсынылып отыр. МЖӘ шарттарын жоспарлау, тендерлік рәсімдеу, әзірлеу, тіркеу мен орындау үдерісі цифрландыру мақсатында электрондық форматқа көшіріледі. Бұл жұмыстарды мемлекеттік тапсырыстар порталымен біріктіру көзделуде», - деді министр.