Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022 жылғы қаңтар-ақпандағы қорытындыларын шығарды.
ҰЭМ басшысы өз сөзінде ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ға дейін жеделдегенін атап өтті. Есептік кезеңде нақты секторда өсудің жеделдеуі, сауда мен байланыста өсудің ағымдағы жылғы қаңтардағы төмендеуінен кейін қалыпқа келуі, өндіруші емес секторда инвестициялардың қарқынды өсуі байқалуда.
«Нақты сектордағы өсу 4,7%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,1%-ға дейін артты», - деді Ә.Қуантыров.
Министрдің айтуынша, салалар арасында көлік және қоймалау, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сауда, сумен жабдықтау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі – 2,6%. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны – 5,7%.
ҰЭМ басшысының дерегінше, 2022 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 63%-ға өсіп, $8,8 млрд.-ты құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 86%-ға өсіп, $6 млрд.-тан асты. Тауарлар импорты $2,8 млрд. Жалпы, оң сауда балансы $3,4 млрд.-ты құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Өндіріс көлемі 3,9%-ға өсті.
«15 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Атырау және Солтүстік-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,2%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың 10,2%-ке, вагондар мен локомотивтер өндірісінің 24%-ке, құрылыс материалдарының 2,1%-ке, дайын металл бұйымдарының 4,4%-ке, пластмасса бұйымдарының 8,7%-ке, фармацевтикалық өнімдері 17%-ке, сусындардың 16,5%-ке, киім өндірісінің 12,8%-ке өсуі қамтамасыз етілді», - деді министр.
Қаңтар-ақпанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасының ағымдағы жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,7 пайыздық тармаққа жақсаруы байқалуда, бұл ретте өсім әлі де теріс болып отыр.
Жалпы 1,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,3%-ке төмен.
Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті.
Ұлттық экономика министрі орталық және жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыстағы жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз етуге назар аударып, инфляцияны бақылау және төмендету шаралары кешені іс-шараларының тиімді іске асырылуын бақылауды жалғастыруы қажет екенін атап көрсетті. Бұдан басқа, ШОБ субъектілерін кешенді қолдау, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде құрылатын жұмыс орындарын мониторингілеуді күшейту, тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет.
«Аталған шараларды толықтай іске асыру ел экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді министр.