Ұлттық экономика министрі Қазақстанның көміртегі бейтараптығына көшуі туралы баяндады

Ұлттық экономика министрі Қазақстанның көміртегі бейтараптығына көшуі туралы баяндады

Бүгін Сенатта БҰҰДБ-ның адами капиталды дамыту туралы баяндамасы таныстырылды. Іс-шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері және БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел жұмысы барысында Ұлттық экономика министрі Қазақстанның көміртегі бейтараптығына көшуінің әлеуметтік аспектілері туралы баяндады.

Министр хабарлағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қазіргі уақытта экономиканың барлық саласына әсерін бағалай отырып, энергияға көшуге, ESG-ді тұрақты дамыту тәсілдері негізінде теңгерімді сақтауға, өршіл мақсаттарға қол жеткізу мен барлық мүдделі тараптарды белсенді түрде тартуға бағытталған Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы жобасы әзірленуде.

«Көміртегі бейтараптығы қандай да бір шығарындының толықтай жойылуын білдірмейді. Бұл шығарынды мен оның сіңірілуінің арасындағы баланс. Сондықтан да көміртегі бейтараптығына көшудің маңызды міндеті шығарындыны қысқарту ықтималдығын бағалау мен СО2-ні Қазақстанның табиғи экожүйесінің сіңіруі болып табылады. Нәтижесінде карбонсыздандырудың басым бағыттары анықталады», - деді Ә.Қуантыров.

Ішкі бейімделуге келсек, ол қоғамның климаттың өзгеруіне бейімделуін білдіреді. Ол әділетті көшуді қамтамасыз ету; жұмыс орындарын құру; халықтың ойлау жүйесін өзгерту; көміртегі бейтараптығына көшудің маңызды элементі ретінде ҒЗТКЖ-ны (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) дамыту; кәсіби дағдыларды арттыру тәрізді негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

«Тұтастай алғанда, жүргізілетін саясат «әлеуметтік әділеттілік» қағидатына негізделуі тиіс. Көміртегі бейтараптығына көшу осал секторлардағы жұмыс орындарын қысқартуды білдіреді. Атап айтқанда, көмір өнеркәсібі мен онымен байланысты салаларда. Сондықтан аталған секторлардағы жұмыскерлер баламалы жұмысқа орналасу үшін жеткілікті мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету өте маңызды», - деді министр.

ҰЭМ басшысы өз сөзінде көміртегі бейтараптығына көшу ауқымды ағартушылық жұмыспен және қазақстандықтардың жаңа, экологиялық ойлауын қалыптастырудағы ақпараттық науқанмен сүйемелденуі тиіс екенін атап өтті. Төменкөміртектік дамуға көшудің кілті болып табылатын салалардағы зерттеулерді белсенді қолдау қажет.

«Жалпы, біз, тұрақты даму – адами және табиғи ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтау екенін есте ұстауға тиіспіз», - деді Ұлттық экономика министрі.