Әлібек Қуантыров Инфляцияға қарсы әрекет етудің өзектендірілген шаралар кешенін ұсынды

Әлібек Қуантыров Инфляцияға қарсы әрекет етудің өзектендірілген шаралар кешенін ұсынды

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияға қарсы әрекет етудің өзектендірілген шаралар кешенін ұсынды.

Министрдің айтуынша, бағаның өсуін тежеу мақсатында өткен жылғы қыркүйекте 2021-2024 жылдарға Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені қабылданды. Ол бекітілген нысаналы дәлізде бағаның өсуін тежеу мен инфляция қарқынын ұстап тұрудың жедел және ортамерзімдік шараларын қамтиды. Осы шараларды іске асыру қорытындысы бойынша экономикаға инфляциялық қысымды төмендетуге қол жеткізілді, соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда инфляция 0,5 п. т. баяулады.

2022 жылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет бірқатар шаралар қабылдады: коммуналдық қызметтерге тарифтер тоқтатылды; Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетуге тыйым салынды; ЖЖМ-ға шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды.

«Мемлекет Басшысының тапсырмаларын одан әрі орындау мақсатында тауарлардың нақты қолжетімділігін жақсарту, бағаны реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды іске асыру ұсынылады», - деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Бірінші бағыт көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды, АӨК-ті субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салаларда импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды.

Екінші бағыт шеңберінде көмір бағасының өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қолдану, коммуналдық қызметтерге бағаны көтеруге мораторий енгізу, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындау көзделген.

Мемлекеттік бақылау бойынша белгілі бір нарықтардағы баға мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы әрекет ету шараларын қабылдау, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқарту және биржалық сауданы дамыту жоспарлануда.

Жүйелі шаралар тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құруды, мониторинг нәтижелері бойынша жедел әрекет ету шараларын қабылдауды көздейді.

«Қабылданған шараларды іске асыру нәтижесінде тауар тапшылығына жол бермей, инфляция мен оның компоненттерін нысаналы деңгейде ұстап тұру күтілуде. Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді», - деді Әлібек Қуантыров.