Үкімет елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспарын бекітті

Үкімет елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспарын бекітті

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша Жедел іс-қимыл жоспарын ұсынды.

ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров хабарлағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-қимыл жоспарын әзірледі. Аталған жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халықты және кәсіпкерлікті қолдау мен ұйымдастыру-қаржы мәселесі бойынша 51 іс-шарадан тұрады.  

Жоспарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіруде күштік құрылым қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттырып, моральдық рухты қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік нысандарын, сондай-ақ күштік құрылымдардың, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық саласының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру бойынша 11 іс-шара көзделген.

Әлеуметтік мәселелер бойынша 10 іс-шара іске асырылады. Бұл тиісті органдардың мертіккен қызметкерлеріне өтемақы төлеу, қаза тапқан орган қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың отбасыларына көмек көрсету, бизнес пен халықтың борыш жүктемесін азайту шаралары, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізу.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу шеңберінде сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қамтитын 15 іс-шара жоспарланған.

Халықты және кәсіпкерлікті қолдауға келсек, жоспарда 2022 жылғы 1 ақпанға дейін басталған салықтық және кедендік тексерулерді тоқтата тұру және кейінге қалдыру, кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі мен тәсілін қайта қарау, 2022 жылғы 20 сәуірге дейінгі кезеңге құрылыстарды көшіруге, орналастыруға, бұзуға байланысты атқарушылық әрекетті жүргізуге уақытша тыйым салуды енгізу жөніндегі 7 іс-шара көзделген.

Ұйымдастыру-қаржы мәселелері бойынша қорытынды бағыт 8 іс-шараны көздейді. Бұл теңгеге деген сенімді толық қалпына келтіруге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, батыс өңірлер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың Кешенді жоспарын әзірлеу немесе өзектендіру, жаппай тәртіпсіздік салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау.

«Бұл жоспар Мемлекет Басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жақын арадағы бірнеше ай ішінде мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Оны іске асыру елдегі экономикалық жағдайды жедел қалпына келтіріп, күнделікті өмірге оралуға әкеледі», - деді министр.