Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде айтылған тапсырмаларды іске асыру бойынша ұсыныстар берді.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды кешенді жақсарту бойынша тапсырма берген.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасын қалыптастыру үшін мемлекеттік органдармен инфляцияны тежеу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың жекелеген санаттарының еңбекақы деңгейін арттыру мәселелері және басқа да іс-шаралар пысықталады», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысы барысында.
Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету үшін Кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңды іске асыру шеңберінде мемлекеттік реттеудің бүкіл массивін толық қайта қарау жүргізіледі.
ҰЭМ басшысы хабарлағандай, бюджеттің кіріс бөлігін нығайту үшін баға конъюнктурасына байланыстыра отырып, барлық қатты пайдалы қазбалар бойынша ПҚӨС қосымша мөлшерін есептеу тетігін белгілеу арқылы тау-кен саласынан қосымша түсімдер алу ұсынылады.
Сонымен қатар, мұнай өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілер тізбегінен акциздерді көтеру арқылы маржаның бір бөлігін алу мәселесі пысықталуда.
Ағымдағы жылғы ақпанда елдің инвестициялық тартымдылығын қалыпқа келтіру мақсатында 2025 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдау жоспарлануда. Оның шеңберінде инвестиция тарту саясаты ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын ескере отырып қайта қаралады.
«Бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау үшін ШОБ-тан КТС түсімдерін беру тетігіне ұқсас, 2023 жылдан бастап салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті деңгейге беру жоспарлануда», - деді министр Әлібек Қуантыров.
Қазіргі уақытта бұл тәсілдерді орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар, сондай-ақ ұйымдар пысықтауда. Мемлекет басшысының басқа тапсырмалары бойынша ұсыныстар мұқият пысықталып, жақын арада ұсынылады.