Ұлттық экономика министрлігінде бюджет жобаларын бағалау және ауылдардың инфрақұрылымға деген қажеттілігін анықтау әдістемесі таныстырылды

Ұлттық экономика министрлігінде бюджет жобаларын бағалау және ауылдардың инфрақұрылымға деген қажеттілігін анықтау әдістемесі таныстырылды

Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сарапшылық ынтымақтастық кеңесінің отырысы барысында жергілікті бюджетті жоспарлау кезіндегі жобалардың басымдылығын бағалау, сондай-ақ ауылдық елдімекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына қажеттілігін анықтау әдістемесі таныстырылды.

«Өңірлермен жұмыс негізінде, сарапшылар өңірлік дамуға қатысты екі әдістеме әзірлеп, патенттеді. Бүгін олар таныстырылып, ҚР ҰЭМ-ге жұмыс істеуге беріледі», - деді ҚР ҰЭМ жанындағы Сарапшылық ынтымақтастық кеңесінің төрағасы Олжас Құдайбергенов.   

Әзірлеушілердің бірі, экономист Ербол Төлегеновтің дерегі бойынша, бірінші әдістемені енгізудің мақсаты бюджеттік инвестициялық жобаларды бағалаудың жүйелі тәсілдерін енгізу жолымен оларды қаржыландыру бойынша қабылданған шешімдердің объективтілігі мен айқындығын арттыру. Осы арқылы бюджет қаражатын неғұрлым тиімді бөлуге қол жеткізіледі.

Екінші әдістеме барлық тірек және серіктес АЕМ-ді 2025 жылға қарай қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құжат 7 бағыт бойынша 22 нысан түріне қажеттілікті анықтайды. Бұл денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жол, білім беру, байланыс, мәдениет және спорт. АЕМ қажеттілігі жыл сайын жаңартылады.

Ведомство басшысы Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында теңгерімсіздікті төмендетудің басты құралының бірі бюджет шығыстарының басымдылығы екенін атап өтті.

Бюджет процестерін оңайлату, бұл мәселеде бюрократияны түбегейлі азайту, бюджетті жоспарлау мен атқару құралдарын кеңейту үшін де осындай әдістемелер қажет.

«Өңірлік дамуға жауап беретін біздің Министрлік үшін бүгінгі көтерілген мәселелер аса маңызды. Біз оларды әзірленіп жатқан шаралар шеңберінде зерттейміз. Олардың кейбіреуі бойынша жұмыс атқарылуда. Әдістемелердің барлық бағытын егжей-тегжейлі талқылауға әзір екенімді білдіремін, - деді Ұлттық экономика министрі.