Сенат мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Сенат мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, заң жобасы ел басшылығының тапсырмаларын, Стратегиялық құжаттарда белгіленген басымдықтар мен сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, дайындалды.

«Заң жобасын әзірлеу алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзетулер қарастырылды», - деді Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Министр Үкіметтен министрліктерге 63 функцияны, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функцияның қайта бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі.  

Министр мынадай мысал келтірді. Экология министрлігіне әкімшілік хаттама жасау, ІІМ-ге тергеу изоляторындағы адамдарды есепке алу, ЦДИАӨМ-ге аэротүсірілім жұмысын жүргізуге рұқсат беру құқығы және т. б. берілген.

«Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді. Заң жобасы басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Ә.Ерғалиев.

Заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы кезекті қадам ретінде оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.