ҰЭМ-де «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырудың аралық қорытындысы шығарылды

ҰЭМ-де «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырудың аралық қорытындысы шығарылды

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ауылдық аумақтарды дамыту және «Ауыл-Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады.

Ағымдағы жылы бағдарламалар шеңберінде (Ауыл – ел бесігі, ЖҚЖК, Нұрлы жер, Нұрлы жол, Дипломмен ауылға және т.б.) 566 млрд теңгеге 6,5 мың жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 2,5 мың шақырым инженерлік желі мен 5 мың шақырым кентішілік жол жаңғыртылады. 632 мектеп пен балабақша, 70 денсаулық сақтау нысаны, 300 Мәдениет үйі, клуб пен кітапхана, 96 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залы салынып, жөнделеді.

Қостанай облысының Ұзынкөл ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Павлодар облысының Қызылжар ауылында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Қызылорда облысының Жалағаш ауылындағы жолдарға жөндеу жасалды. Жамбыл облысының Айша-бибі ауылындағы мектепте күрделі жөндеу аяқталды.

ҰЭМ басшысы хабарлағандай, 2019-2021 жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылдық аумақтарды дамытуға 1,2 трлн теңге бағытталды. Келесі 4 жылда 1,3 трлн теңге, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде 670 млрд теңге бөлінеді.

«2025 жылға қарай ауыл халқын сумен жабдықтау қызметімен қамту 100%-ке жеткізіледі. Жоғары жылдамдықтағы Интернетпен барлық ауыл тұрғындары қамтылады. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 12 мың шақырым инженерлік желі салынып, жаңғыртылады. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-і жақсы жағдайға жеткізіледі. 10 мың шақырым кентішілік жол салынып, жөнделеді», - деп атап көрсетті Ерғалиев.

Сонымен қатар ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарлануда. 3-6 жас аралығындағы балалар  мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 100% қамтылады. Барлық ауылдық мектеп білікті мамандармен қамтамасыз етіледі. 1 095 медициналық және 1 719 спорт нысаны салынып, жаңғыртылады.