Әсет Ерғалиев: БАӘ-мен әріптестік туралы декларация Қазақстанда жаңа инвестициялық процестерді бастайды

Әсет Ерғалиев: БАӘ-мен әріптестік туралы декларация Қазақстанда жаңа инвестициялық процестерді бастайды

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Мемлекеттік министрі Ахмед Әли Әл Сайег Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің Басым салалардағы жобаларды дамыту үшін стратегиялық ұзақмерзімдік әріптестік құру туралы бірлескен декларациясына қол қойды.

Құжатқа Премьер-министр Асқар Мамин бастаған Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациясының Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары кезінде қол қойылды.

Құжат жалпы инвестициясы 6 млрд доллардан асатын Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасының энергетика, агроөнеркәсіптік, көлік және логистикалық, фармацевтикалық және қаржы салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. «Біздің стратегиялық ынтымақтастығымызды жоғары бағалайтынымызды тағы да атап өткім келеді. Қол қойылған келісім біздің әріптестік қатынастарымызды жаңа сапалық деңгейге көтерсе, бірлескен жобаларымыз экономикамыздың зор мүмкіндіктеріне жол ашады», - деді ол.

Келісімді жүзеге асырудағы Қазақстанның негізгі әріптесі өндірістік және тау-кен өнеркәсібі, АӨК, көлік және логистика, қаржы, туризм, медиа және энергетика сияқты салаларда кеңінен ұсынылған ADQ Абу-Даби егемендік қоры.  Қор 175 млрд доллардан асатын активтерді басқарады. Шарт шеңберінде «Самұрық - Қазына» АҚ ADQ қорымен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға, жаңартылатын және дәстүрлі энергияны дамыту үшін бірлескен энергетикалық холдинг құруға ниетті.

ҚР-да жалпы қуаты 5 ГВт болатын күн, жел және су электр стансалары құрылысының бірлескен жобаларын іске асыру жоспарлануда. Бұдан басқа, «Kazyna Capital Management» АҚ мен ADQ 100 млн. долларға IT, қаржы технологиясы, агротехника, B2B және B2C, телекоммуникация, азық-түлік өндіру технологиясы, платформалық шешімдер мен цифрлық трансформация және т.б. саладағы бірлескен стартап-жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен кәсіпорын құрады. ADQ ҚР-да көтерме-тарату орталықтары желісінің құрылысына қатысады.

Компания, сонымен қатар, Қазақстанда ет-мал шаруашылығы, құс және жеміс-жидек өсіру бойынша бірқатар ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. «СК-Фармация» ЖШС мен Rafed компаниясы ҚР-да фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуда ынтымақтасады. Сапар шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Sembol мен Abu Dhabi Fund for Development қоры ҚР ШҚО «Қатонқарағай» туристік кешені құрылысы жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды.  

Анықтама: 2021 жылғы қаңтар-тамыздағы ҚР мен БАӘ арасындағы өзара тауар айналымы 538,7 млн ​​доллар. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 55%-ке көп. Қазақстандық экспорт көлемі 76,4%-ке өсіп, 480,1 млн долларға жеткен.