Әсет Ерғалиев Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте Аумақтық даму жоспарын таныстырды

Әсет Ерғалиев Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте Аумақтық даму жоспарын таныстырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткізілген Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарын таныстырды (бұдан әрі – Жоспар).

«Аумақтық даму жоспары өңірлерді кешенді дамытуды, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыруды, сондай-ақ әрбір өңірдің бәсекелестік артықшылығын ескере отырып, әлеуетін барынша ашу мен жаңа «өсу нүктелерін» құруға бағытталған», - деді Ә. Ерғалиев.

Құжат институционалдық қамтамасыз ету, өңірлер арасындағы базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің алшақтығын азайту, аумақтық өңіраралық байланысты қамтамасыз ету, өңірлердің бәсекелестік артықшылығын дамыту мен өңірлер ішіндегі кеңістіктік даму тәрізді 5 бағытты көздейді.

Қазіргі уақытта агломерацияларды және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін заңнамалық негіз әзірленуде. Халықаралық және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, әкімшілік-аумақтық құрылыстың жаңа стандарттары әзірленуде.

Жоспар арқылы өңірлердің бірыңғай инфрақұрылымдық қаңқа арқылы интеграциялануы көзделуде. Бұдан басқа, өңірлердің экономикасын дамыту олардың бәсекелестік артықшылығын ескеру арқылы жүргізіледі.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» және 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауларында жарияланған тапсырмаларды орындау үшін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспарының жобасы әзірленді.