Ұлттық экономика вице-министрі машина жасаудағы салық жеңілдіктері туралы баяндады

Ұлттық экономика вице-министрі машина жасаудағы салық жеңілдіктері туралы баяндады

Бүгін Қазақстан машина жасаушыларының IX форумында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин машина жасау саласындағы салық жеңілдіктері туралы баяндады.

Министрдің орынбасарының айтуынша, құрамдас бөліктер импорты ҚҚС-дан босатылған. Құрамдас бөлікті жинауда да салық төленбейді. Дилерлер үшін сонымен қатар ҚҚС төлеуде жеңілдікті шарттар қарастырылған. «Машина жасау саласындағы қызмет түрлері арнайы экономикалық аймақтағы басым қызмет түрлері мен инвестициялық басым келісімшарттар тізбесіне енгізілген. Бұл дегеніміз, осы құралдарды пайдалана отырып, корпоративтік табыс, жер және мүлік салықтарын төлемей-ақ, жұмыс істеуге болады деген сөз. Машина жасау саласында инвестициялық келісімшарт жасау кезінде шикізат импортын ҚҚС-дан босатуды қолдануға болады», - деді А. Амрин.

ҰЭМ басшысы орынбасары қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, ҚҚС-ны есепке жатқызу әдісімен төлеу мерзімі биыл аяқталатынын еске салды. Жеңілдік 2003 жылдан бері қолданылып, ҚР аумағында өндірілмейтін не өндірісі ҚР сұранысын өтемейтін тауарларға жүреді. Кезінде жеңілдік ортамерзімдік келешекке бизнесті қолдау шарасы ретінде 2012 жылға дейін ғана берілген еді. Осыған қарамастан, ол бүгінге дейін бірнеше мәрте ұзартылып, алдыңғы тұжырымдама күшін жоғалтқан болатын.

«Барлық факторларды ескере келіп, жеңілдіктерді 2 жылға ұзарту туралы шешім шығарылды. Бірақ тек өндірісі Қазақстанда жоқ және өндіріс құралы болып табылатын тауарлар бойынша ғана. Есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу жөніндегі норманы ұзарту шектеулі болуы тиіс. Одан әрі, жеңілдік мерзімі аяқталған кезде, біз, машина жасау үшін ынталандырудың нақты шараларын әзірлеуге дайынбыз», - деді вице-министр.