Тимур Жақсылықов: Машина жасау саласы экономикалық өсудің негізгі драйверінің бірі

Тимур Жақсылықов: Машина жасау саласы экономикалық өсудің негізгі драйверінің бірі

Бүгін Қазақстан машина жасаушыларының IX форумы барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов машина жасау өнеркәсібі кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсету шаралары туралы баяндады.

Өз сөзінде бірінші вице-министр машина жасау өнеркәсібін дамытудың қуатты әлеуетке ие екендігін атап өтті. Оны толыққанды іске асырудың экономиканың және еңбек нарығының жаңа құрылымын қалыптастыруға зор әсері бар. 

«Үкімет саладағы жаңа инвестициялық ағынды іске қосуға бағытталған шаралар кешенін іске асыруда. Ұлттық экономика министрлігі бұл жұмысқа қаржылай және қаржысыз қолдау шараларын құру және іс жүзіне асыру арқылы белсенді қатысуда», - деді Т. Жақсылықов.

Экономикалық ведомство басшысы орынбасарының дерегінше, машина жасау өнеркәсібі кәсіпкерлерін қолдау үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде жылдық 6% мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге, 7 млрд теңгеге дейінгі сомамен, салалық шектеусіз жеңілдікпен кредиттеу қарастырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 6% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру ұсынылады. Кредит сомасы шектеусіз, ал субсидиялау мерзімі 10 жыл. Бұдан басқа, БЖК-2025 шеңберінде 1 млрд теңге сомасындағы инфрақұрылымды нысанға дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер кредиттерге кепілдік ала алады: БЖК-2025 бойынша 1 млрд теңгеге дейінгі кредитке 50%, 360 млн теңгеге дейінгі кредитке 85%; ҚЗЭ бойынша 5 млрд теңгеге дейінгі кредитке  30%, 3 млрд теңгеге дейінгі кредитке 50%.

«Саланың жоғары инвестициялық әлеуетін ескере отырып, машина жасау кәсіпорындары үшін бірқатар салықтық ынталандыру шаралары мен инвестиция тарту құралдары қарастырылған. Мәселен, инвестициялық келісімшарт жасау кезінде басым қызмет түрлері үшін КТС, жер және мүлік салығы жеңілдігін қолдану шегі азайтылды. Инвестиция сомасы 2 млн АЕК-тен 1 млн АЕК-ке дейін төмендеді. Сонымен қатар, ірі инвесторлармен инвестициялар туралы келісім енгізіліп, инвестициялық салық кредитін ұсыну көзделген», - деді Тимур Жақсылықов.

«Мемлекеттік қолдаудың қабылданған шаралар кешені машина жасау өнеркәсібі кәсіпорындарының нәтижелі жұмыс орнын құруына, ұлттық экономиканы әртараптандыруға қосымша серпін беруге ықпал етеді», - деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.