Әсет Ерғалиев бизнестің жаңа реттеушілік саясатының негізгі тәсілдерін атап өтті

Әсет Ерғалиев бизнестің жаңа реттеушілік саясатының негізгі тәсілдерін атап өтті

Бүгін Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеушілік саясат жөніндегі заң жобасының негізгі жаңалықтары туралы баяндады.

Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында берілген тапсырмалар шеңберінде әзірленген. Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің қарауында.

«Таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын жетілдіруді, «1 in 2 out» қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнестің есеп беруін цифрландыру мен мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді», - деді Ә. Ерғалиев.  

Ұлттық экономика министрлігі басшысы атап өткендей, әкімшілік шығасыларды болдырмау және шамадан тыс және тиімсіз бизнес шарттарын алып тастау үшін талаптарды белгілеудің шарттары заңда белгіленеді. «1 in 2 out» қағидатын енгізу арқылы мемлекет жаңа талаптарды енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласындағы әрекет ететін екеуі шегеріледі.      

Бұдан басқа, нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) және өзге де құжаттар түрінде бизнес үшін барлық талаптардың тізбесінен тұратын бірыңғай ақпараттық ресурсқа айналатын Міндетті талаптар тізілімі құрылады. Тізілімде НҚА-ның жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімі анықталады. Құқықтық актілер сәйкес келмеген жағдайда қайта қаралады немесе жойылады. Осылайша, Тізілім бизнес ортаға кері әсер ететін талаптарға қатысты «реттеушілік гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, есепті ақпараттық жүйені пайдалану арқылы тек электрондық нысанда беру, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектісін іріктеу кезіндегі бағалауды автоматтандыру мен тәуекелдерді басқару туралы талап заң жүзінде бекітіледі.  

2022 жылы ақпараттық жүйені интеграциялау өткізіліп, ол бойынша автоматты түрде есеп беру жоспарлануда. 2023 жылы автоматтандырылмаған есеп беру, сондай-ақ бағалау жүйесі мен тәуекелдерді басқару цифрландырылады.

Заң жобасы арқылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін реформалау көзделуде. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысаны тексеруден алдын алу іс-шараларына өтуден тұрады.

Барлығы 3 алдын алу іс-шарасы көзделген. Бұған рұқсат беру талабына сәйкестігін тексеруді қосқанда, нақты фактілер мен жағдайлар бойынша белгіленетін жоспардан тыс тексеру және «тергеп-тексеру» жатады. Ерекше тәртіппен жүргізілетін тексеру, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде алынып тасталады.  

Мемлекеттік бақылаудың жаңа «тергеп-тексеру» нысаны заңнама талабы бұзылуының, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және ұлттық қауіпсіздікке зардабын тигізетін оқиғалардың туындауының себептері мен оған жауапты тұлғаларды анықтаудың кешенді шараларынан тұрады.

«Бұл бизнеске жүктелетін әкімшілік жаза шараларын азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау кезінде жедел ден қою шараларын қолдану есебінен бизнестің кінәсінен төтенше жағдай қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.

ҰЭМ басшысы түбегейлі тексерудің бірінші кезеңіне сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтандыру, тұру және тамақтануда қызмет көрсету секілді басым салалардағы талаптар жататынын хабарлады. Бұл салаларда 2023 жылға дейін санэпидқадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардағы талаптар қайта қаралады. Басқа саладағы талаптарды қайта қарау 2023 жылы жоспарланған.   

Әсет Ерғалиев Ұлттық экономика министрлігі бизнес-омбудсменмен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, сарпшылар пулы мен бизнес талаптарынан тұратын НҚА-ны талдау мен бағалауды жүргізу қорытындысын талқылау кестесін құрғанын хабарлады. Сарапшылар бизнес және мемлекеттік орган өкілдері үшін әрекет етудегі міндетті талаптар мен жаңа тәсілдерді талдау мен бағалау бойынша оқу семинарларын өткізеді.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау, сауда және интеграция, төтенше жағдайлар, индустрия және инфрақұрылымдық даму, білім және ғылым министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тамақтандыру саласындағы талаптарды тексеру жүргізілген. Жұмыс қорытындысы бойынша қоғамдық тамақтандыру саласындағы 62 НҚА қарастырылып, талаптардың 48%-і негізгі шарттарға сәйкес келмейтіні анықталды.

«Заңнамаға өзгерістер енгізуді қабылдау нәтижесінде 2025 жылға қарай міндетті талаптар тізбесін 50%-ке қысқарту және әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес субъектілерінің санын 50%-ке азайту, мемлекеттік бақылауға ұшыраған субъектілер санын 60%-ке азайту болжануда», - деді министр.