Әсет Ерғалиев ҰЭМ бағыты бойынша Жолдауды іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды

Әсет Ерғалиев ҰЭМ бағыты бойынша Жолдауды іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша міндеттер қойды.  

Ұлттық экономика министрлігі басшысы министрліктің жұмысы төрт негізгі бағыт - мемлекеттік қаржыны басқару, инфляцияға қарсы ден қою, кәсіпкерлікті дамыту және теңгерімді өңірлік даму бойынша жүргізілетінін атап өтті.

ҰЭМ мемлекеттік қаржыны басқаруға қатысты «блоктық» бюджетті енгізуді, жаңа бюджеттік ережелер мен бюджеттік лимиттерді бөлудің шынайы әдістемесін айқындауды жоспарлауда. Сондай-ақ жан басына қаржыландыру механизмін қолдану көзделеді.

«Мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру үшін Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы әзірленеді. Ол бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтиды», - деді Ерғалиев.

Тұтыну тауарлары бағасының өсуін тежеуді бағамдайтын екінші бағыт бойынша, инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені әзірленеді. Әңгіме нарықты отандық тұтыну тауарлары өнімімен молықтыруға бағытталған жедел және ортамерзімдік шаралар туралы болып отыр.

Өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін «жұмсақ» шаралар әзірленеді. Реттелетін сатып алу шеңберінде жеңілдіктер, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға айрықша қолжетімділік көзделеді. «Шағын және орта кәсіпкерлік үшін 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыру жалғасады. Қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден кем емес», - деді министр.

Ел өңірлерін дамытуға келсек, ведомство әрбір нақты өңірдің бәсекелестік артықшылығын ашуға мүмкіндік беретін жаңа әдістерді әзірлейді. Ағымдағы жыл соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» заң дайындалады. Ол орталық қала мен шеткері аймақ арасындағы функцияларды нақты бөлу жолымен өңірлерді институционалдық дамытуды көздейді. Бұдан басқа, бюджеттік дербестік кеңейтіледі және бірыңғай агломерациялардың қала құрылысын жоспарлау енгізіледі.

Келешегі зор елдімекендердің неғұрлым серпінді дамуы үшін Аумақтық даму жоспарында «адамдар инфрақұрылымға» қағидаты бекітіледі.

«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берілген әрбір тапсырмасы жобалық тәсіл, процестерді бюрократтықтан арылту және нәтижеге бағдарлану қағидаты бойынша іске асырылады», - деді Ә. Ерғалиев.