Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның «жасыл» бастамаларымен бөлісті

Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның «жасыл» бастамаларымен бөлісті

Бүгін «Astana Finance Days» конференциясы шеңберінде «Green Growth Forum 2021» жасыл өсу форумында Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаның ластануын болдырмау үшін стандарттарды қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Вице-министр соңғы жылдары табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға көп көңіл бөлінетінін, көптеген үкіметтер жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және климаттың өзгеру қаупіне жауап беру бойынша шаралар қабылдап жатқанын еске салды. Қазақстан, көптеген елдер сияқты, экология проблемаларына үлкен мән береді және осы бағытта өзінің ұлттық заңнамасын жетілдіруде.

Министрдің орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта біздің еліміз әлемдік тенденциялардан тыс қалмайды, экономиканың «экологиялылығын» арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдайды, бұл экономиканың циркулярлық моделіне көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2020 жылғы желтоқсанда климаттың өзгеруіне байланысты маңызды міндеттер жөніндегі саммит барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық ұстанатынын жариялады.

«Біз Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарын сапалы іске асыруға, сондай-ақ осы мақсаттарға қол жеткізуде халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасуға және осы саладағы прогреске қол жеткізуде БҰҰ-мен ынтымақтастыққа тиісті мән береміз. Жаңартылатын энергия секторын кеңейту үшін тіркелген тарифтер жүйесі енгізілді және бірыңғай сатып алушы құрылды, олар Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері нарығын іске қосуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қуаттылықтардың электрондық аукциондарының тетігі енгізілді, ол тарифтерді қалыптастыру процесін барынша ашық ете отырып, олардың айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге көмектесті», - деп атап өтті Ұлттық экономика министрінің орынбасары.

Сондай-ақ, Қазақстан ТМД-да Париж келісімін бірінші ратификациялап, белсенді климаттық саясатты қабылдауда тұңғыш жол салушы болды. Оның үлесі парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 15%-ға азайтудың сөзсіз жалпы экономикалық мақсатына қол жеткізуге бағытталған.

«Біз 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде жаңартылатын энергетика үлесінің 10%-ына қол жеткізуге ниеттіміз, ал 2050 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздеріне барлық энергия тұтынудың кемінде жартысы тиесілі болуға тиіс. Сондай-ақ, 2008 жылмен салыстырғанда ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 50% -ға төмендетуді жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.

Бұдан басқа, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Ол қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталатын болады.

«Біз «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеудеміз. Жоба ауаның ластануын азайту, қалдықтарды тиімді басқаруды қолдау, экологиялық білім беруді арттыру және экологиялық мәдениетті арттыру жөніндегі шараларға шоғырландырылатын болады», - деп хабарлады Әлібек Қуантыров.

ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі дамыту және қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвестициялар тарту мақсатында «Waste to energy» технологиясын пайдалана отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізіледі және су заңнамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұдан басқа, минералдық-шикізат базасын дамытуға және геологиялық зерттеулер жүргізуге ерекше назар аударылатын болады.