Әлішер Әбдіқадыров инвесторлар үшін келісімдер жасасудың ережелері мен шарттарын түсіндірді

Әлішер Әбдіқадыров инвесторлар үшін келісімдер жасасудың ережелері мен шарттарын түсіндірді

Бүгін «Astana Finance Days» IV жыл сайынғы конференциясы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров сапалы инвестицияларды таргеттелген және проактивті тарту арқылы жаңа инвестициялық циклды іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Вице-министр ағымдағы жылдың қаңтарында жаңа қолдау құралы – Стратегиялық инвестициялық келісім (бұдан әрі – келісім, инвестициялық келісім) енгізілгенін еске салды.

Осы келісім 25 жылға дейінгі мерзімге қолдау шараларын ұсына отырып, барлық инвестициялық заңнаманың тұрақтылық режимін қамтамасыз ету үшін уағдаластықтарды бекіту мақсатында Үкімет (салалық мемлекеттік орган) пен стратегиялық инвесторлар арасында жасалады. Инвестициялық келісім ҚР аумағында экономиканың басым секторларында инвестициялар көлемі кемінде 7,5 млн АЕК (~$50 млн АҚШ долл.) құрайтын ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Келісім шарттарының және Үкіметтің кепілдіктерінің тұрақтылығы - инвесторлар үшін ірі және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру бойынша шешім қабылдаудың негізгі факторлары», - деді Ә.Әбдіқадыров.

Министрдің орынбасарының айтуынша, келісім аясында инвесторға салықтан (5 жылға импортқа ҚҚС, 10 жылға жер салығы, 10 жылға КТС және 8 жылға мүлік салығы) және баж салығынан  босату ұсынылады. Бұдан басқа, заттай грант және жобаны іске асырудың 11 жылынан бастап салықтарға қарсы есепке алу жолымен күрделі шығындардың 20%-на дейін өтеу ұсынылады.

«Инвесторларға көрсетілетін қызметтер фронт-офистер жүйесі арқылы ұсынылады, атап айтқанда, салалық мемлекеттік органдар, шетелдегі елшіліктер, «Kazakh Invest» АҚ және олардың өкілдіктері, сондай-ақ инвестициялық саясатты іске асыруға және жобаларды сүйемелдеуге жауапты ұйымдар», - деп қорытындылады экономикалық ведомствоның вице-министрі.