ҰЭМ: Бизнес жүргізу шартын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда

ҰЭМ: Бизнес жүргізу шартын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда

Ағымдағы жылғы 9 маусымда ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстан кәсіпкерлерінің Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерімен кездесуінде шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы баяндады.

«ШОБ-ты қолдау үшін салықтық ынталандырулар ұсынылып, кредиттеу кеңейтілді, бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету шаралары қабылдануда», - деді вице-министр А.Әмрин.

ШОБ кредиттеу «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «ҚР ҰБ жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы» тәрізді 4 бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін осы бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 2,5 трлн теңгеге 47 мыңнан астам жобаны қаржыландыру жоспарлануда.

Алғаш рет, өткен жылы дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде ШОБ-тың қолданыстағы кредиттерін қайта қаржыландыру іске қосылды. «ТЖ режімі жарияланған сәттен бастап 12 ай кезеңінде экономиканың зардап шеккен саласында ШОБ-тың барлық қолданыстағы кредиттері бойынша проценттік мөлшерлеме жылдық 6%-ке субсидияланды», - деді А.Әмрин.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканың зардап шеккен саласындағы кредиттерді субсидиялау мерзімі 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін ұзартылды. 425,5 млрд теңге кредит сомасындағы 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда.

Вице-министрдің айтуынша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режімдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері табыс салығынан 3 жылға босатылады. Сондай-ақ, 2020 жылғы 20 маусымнан бастап 2021 жылғы 30 маусымға дейін ШОБ субъектілері мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың меншігіндегі жылжымайтын мүлік нысандарын жалдау ақысынан босатылды.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізілді.

«2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін «Doing Business» рейтингіндегі позицияны жақсарту бойынша түбегейлі реформалар жүргізілді. Нәтижесінде, 7 жыл ішінде еліміздің позициясы 2019 жылғы қорытынды бойынша 76-дан 25-орынға жақсарды», - деді вице-министр.