Ұлттық экономика министрлігі мен Францияның даму агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ұлттық экономика министрлігі мен Францияның даму агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Францияның даму агенттігі өзара ынтымақтастыққа қатысты өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумға Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров пен Француз даму агенттігінің өңірлік директоры Винсен Купэн қол қойды.

Құжаттың негізгі міндеті энергетика, гидроэнергетика, энергия үнемдейтін және энергия тиімді технологияларды дамыту, сумен жабдықтау, санитария, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы және ирригация сияқты салаларды дамытуға қаржылық және техникалық жәрдемдесу бойынша ынтымақтастық. Ынтымақтастық теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделеді.

Меморандумға сәйкес, өзара іс-қимылдың негізгі мақсаты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоршаған ортаны, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде дамыту, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қолдау көрсету, техникалық жәрдемдесу, сараптама жасау, білім алмасу және Еуропалық Одақ тарапынан гранттық қаржыландыру.

Сонымен қатар, тараптар Ынтымақтастықтың жеке бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін қарастырады. Оған қарыздар, техникалық көмек және гранттар кіруі мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында ФДА өкілдігі қызметінің болуы туралы келісімді әзірлеу мүмкіндігі қаралады.

Жалпы, меморандум бірлескен жұмысқа жаңа серпін беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға жол ашады.

ФДА – Франция үкіметінің 1941 жылы құрылған агенттігі. Ол дамушы елдердегі жобалар мен бағдарламаларды қаржыландырады.