ЖІӨ өсу қарқыны 2021 жылғы қаңтар-сәуірде 0,7%-ті құрады – Ә.Ерғалиев

ЖІӨ өсу қарқыны 2021 жылғы қаңтар-сәуірде 0,7%-ті құрады – Ә.Ерғалиев

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

«2021 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылғы наурыздан бері алғаш рет 0,7%-ті құрап, оң аймаққа шықты. Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде», - деді министр.

Оның айтуынша, экономика дамуының басты драйвері нақты сектордың тұрақты өсуі. Ағымдағы жылғы есептік кезеңде кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсу 7,9%-ті құрады.

ҰЭМ басшысы қызмет көрсету саласы мен ішкі сұраныстың қалпына келтірілгенін атап өтті. Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп салаларында, экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға салынған инвестицияның серпінді және тұрақты өсуі байқалады.  

Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасуда. Сауданың 5,7%-ке артуы аясында қызмет көрсету саласы оң өсуді көрсетті.

Өндірістің екі таңбалы ұлғаюы машина жасауда 20,6%, автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалын өндіруде – 26,5%, химиялық өнім өндіруде – 11,2%, пластмасса өнімінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде – 19,5% деңгейінде тіркелді.

«Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестицияның өсуі 32,3%-ті құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуі 7,7%-ке дейін жеделдеді», - деді Әсет Ерғалиев.

Орындалған құрылыс жұмысы көлемі 12,5%-ке артты. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ке өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады.

Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Өнім шығару 3,0%-ке ұлғайды. Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың 2021 жылға арналған Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыруға, экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде іске асыруға назар аударуы қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу, «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру, жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту басымдыққа ие.