Әсет Ерғалиев «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады

Әсет Ерғалиев «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады

Бүгін «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев азаматтарды жеке қабылдады. Халықпен кездесу онлайн режімінде өтті.

Жеке қабылдауға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Ақмола және Павлодар облыстарының тұрғындары жазылды.

Ақмола облысындағы жол құрылысын қаржыландыруға қатысты бірінші сұрақты Қараөткел ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрайымы Динара Абдрахманова қойды.   

«Бүгінде астана маңындағы аймақтың инфрақұрылымын дамытудың проблемалық мәселелерін шешу үшін (оның ішінде жолдарды жөндеу және салу) Елордаға іргелес елдімекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары арқылы іске асырылуда. Кешенді жоспарға Целиноград ауданының Қараөткел ауылы қосылды. Сіздің кенттегі қалған 80 шақырым жолды жөндеуге 2022 және 2023 жылдарға қажетті қаражат қарастырылған. Біз жобаны толығымен қолдаймыз», - деп жауап берді ҰЭМ басшысы.

Павлодар облысы Автовокзалдар, автомобиль жолаушылар көлігі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Бақыт Суенов пандемияға байланысты 2020 жылғы кезеңде жолаушылар тасымалы үшін ҚҚС мөлшерлемесін, сондай-ақ автовокзалдар мен автостансалардың мүлкіне салынатын салықты нөлдендіру жөнінде өтініш жасады.

Министрдің айтуынша, жолаушылар автобусын тасымалдаушыларды ҚҚС-тан босату мәселесі бірнеше рет көтерілген. Бұл ұсыныс қолдау тапты. 2020 жылғы 10 желтоқсандағы заңда тұрақты әлеуметтік маңызы бар автомобиль тасымалдарын ҚҚС-тан 3 жылға босату жөніндегі норма көзделген.

«Төтенше жағдай кезінде экономиканың ең көп зардап шеккен салаларын қолдау үшін уақытша салықтық ынталандыру бөлігінде Үкіметтің 3 қаулысы қабылданды. Қазірде қызметіне тыйым салынған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мүлік салығынан босату мәселесі қарастырылуда», - деді Ұлттық экономика министрі.

Салық кеңесшісі Екатерина Ким бірнеше мәселелерді айтты: қоғамшылдарды салық заңнамасына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобына қосу мүмкіндігі, карантиннен кейінгі кезеңдегі бизнесті қолдау шаралары мен бөліп төлеу шеңберінде салық төлеу мерзімін өзгерту.

 «Біз сізді міндетті түрде жұмыс тобына қосамыз. Салық саясатына ғана емес, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға жауапты біздің министрлік үшін сіздер көтеріп отырған мәселе өте маңызды. Біз оларды әзірленіп жатқан шаралардың шеңберінде зерттейміз. Олардың кейбіреуі бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде бизнесті қолдаудың жедел және жүйелі сипаттағы қосымша шараларын пысықтап жатырмыз. Біз осыған сіздің белсенді түрде қатысатыныңызды міндетті түрде көргіміз келеді. Сіздермен бизнес ұсыныстарының барлық спектрін егжей-тегжейлі талқылауға дайын екенімді білдіремін», - деп атап өтті Әсет Ерғалиев.

Онлайн-қабылдау барысында Нұр-Сұлтан қаласынан Жамиля Садықова акциздерді арттыру және өнім құнын ұлғайту есебінен зиянды өнімдерді (Қазақстандағы темекі, алкоголь және құрамында қант бар сусындар) реттеу бойынша ұсыныс жасады.

«Салық саясаты шеңберінде акциздердің өсуіне және өнімнің (алкоголь, темекі және т.б.) құнының өсуіне байланысты сіз айтқан бағыттар қолдау табуда. Біз бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні Салық кодексінде алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің мөлшерлемелері кезең-кезеңімен арттырылған. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды міндетті түрде ескереміз және оларды талқылау үшін тізімге енгіземіз», - деп атап көрсетті Ұлттық экономика министрі азаматтарды қабылдауды аяқтай келіп.