Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен РФ Экономикалық даму министрі Максим Орешкин жұмада "Қазақстан - Ресей" шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын əзірлеу жəне іске асыру ниеті туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою жұмада Петропавл қаласында өткізілген Қазақстан мен РФ-ның аймақаралық ынтымақтастығының XV Форумының аясында орын алды.
Тараптар 2020-2025 жылдарға арналған "Қазақстан - Ресей" шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын бірге əзірлеу жəне іске асыру ниетін білдірді. Ол өзара түсіністік және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ аймақ саясаты мәселелері бойынша ақпарат алмасуға бағытталатын болады. Бағдарламаны іске асыру үшін тараптар тиісінше Келісім әзірлеуге ниетті.
2020-2025 жылдарға арналған "Қазақстан - Ресей" шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы мақсатының ішінде қазақстандық шекара маңы аймақтары мен ресейлік аймақтар арасындағы ынтымақтастықты қолдау және жәрдемдесу; өмір сүру, жұмыс істеу және болашақ ұрпақ тәрбиелеу үшін қолайлы аумақ құру; орта және шағын кәсіпкерлікті ынталандыру мәселесі жөніндегі ынтымақтастық және ақпарат алмасу, шекара маңындағы жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін нығайту, шекара маңы халқын жұмыспен қамту деңгейін арттыру, сондай-ақ аумақаралық кооперацияларды дамыту бойынша шараларды іске асыру бар.
Сондай-ақ аймақтық саясатты әзірлеу және іске асыру тәжірибесі тралы ақпарат алмасу, шекара маңы ынтымақтастығын нығайту және шекара маңы аймағын экономикалық дамыту көзделуде.