Еңбекпен өрілген өмір жолы: экономика саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Еңбекпен өрілген өмір жолы: экономика саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Осы жылдар ішінде ел экономикасының дамуына үлес қосқан, стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына атсалысқан, күнделікті жұмыстың сапасы мен тәртібін қамтамасыз еткен талай маманның еңбегі жатыр.

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Ұлттық экономика министрлігінде саланың ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен үш маман «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Махуза Шуканова – 37 жылдан астам еңбек жолын экономика және стратегиялық жоспарлау саласына арнаған маман. Ол ел дамуының стратегиялық құжаттарын, Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру жөніндегі жоспарлар мен Жалпыұлттық жоспарларды әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауға қатысты. Мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесінің дамуына өзіндік үлесін қосты.

Гүлбақыт Досанованың жалпы еңбек өтілі 43 жылдан асады. Оның 24 жылдан астамы экономика саласына тиесілі. Ұзақ жылдар бойы министрліктің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп, орындаушылық тәртіптің нығаюына, құжат айналымының жетілдірілуіне және мемлекеттік тапсырмалардың уақытылы орындалуына үлес қосты. Бүгінде де министрлік жүйесінде қызметін жалғастырып келеді.

Любовь Крупаның еңбек жолы 1977 жылы басталды. Ол ұзақ жылдар бойы экономика, баға саясаты және табиғи монополияларды реттеу салаларында қызмет атқарып, тарифтерді қалыптастыру мен реттеу тетіктерін жетілдіруге, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеуге және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға атсалысты.

Үш тағдыр. Үш кәсіби жол. Бірақ ортақ бір құндылық бар – елге қызмет ету және өз ісіне адал болу.

Бүгін олардың жинаған тәжірибесі – кейінгі буын үшін құнды сабақ. Ал атқарған еңбегі – министрлік тарихының бір бөлігі.

Министрліктің аппарат басшысы Асқар Биахметов ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Сіздердің өмір жолдарыңыз, елеулі еңбектеріңіз бен бай тәжірибелеріңіз кейінгі буын үшін нағыз отансүйгіштік пен жауапкершіліктің үлгісі. Мемлекетіміздің өркендеуі мен орнықтылығын нығайту жолында атқарған істеріңіз әрқашан құрметке лайық», – деді ол.

Құрметті ардагерлер!

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке мен амандық тілейміз.