
Астанада Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан" атты Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімінің пилоттық жобасы таныстырылды.
Жобаның тұсаукесері Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті. Жобаны Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков таныстырды.
Жасанды интеллект жүйесі нормативтік құқықтық актілердегі бизнеске қойылатын талаптарды бір жерге жинап, олардың қайсысы қай қызмет түріне жататынын анықтауға көмектеседі.
Бүгінгі таңда бизнеске қойылатын талаптар заң, кодекс, қаулылар және ведомстволық бұйрықтар тәрізді мыңдаған нормативтік құқықтық актілерде бар. Бір міндет бірнеше құжатта болуы мүмкін. Ал норма үнемі өзгеріп отырады. Нәтижесінде кәсіпкер қай кезде қандай талапты сақтау керектігін анықтай алмай қиналады.
"Кәсіпкер көп заңнамадағы өз қызметіне қатысты талапты табу үшін көп уақыт кетіреді. Біздің міндетіміз — бұл процесті жеңілдетіп, ұғынықты ету. Жасанды интеллект көмегімен тізілім қажетті талапты бір жерде жинап, оның кімге қатысты екенін, не істеу керектігін, мерзімін және орындалғанын растауды көрсетеді. Бұл бизнеске заңнаманы тез түсініп, өзінің негізгі қызметімен айналысуына мүмкіндік береді", - деп атап өтті Бекболат Молдабеков.
Жасанды интеллект нормативтік құқықтық актілердің мәтінін талдап, міндеттемелерді анықтайды. Орындаушыны, міндеттеменің мәнісін, мерзімін, орындалғанын растауды, бақылаушы органды, құқық бұзушылық кезіндегі жауапкершілікті талдап көрсетеді.
Бұл ретте әрбір талап бойынша түпкілікті шешімді адам қабылдайды. Ешқандай норма автоматты растау мәртебесіне ие болмайды. Уәкілетті мемлекеттік орган әрбір талапты тексеріп, редакциялайды немесе қабылдамайды. Барлық әрекет жүйеде жазылғандықтан, бұл өзгерістер кезеңін бақылауға мүмкіндік береді.
Бизнесте қалай жұмыс істейді
Тізілім кәсіпкер үшін заңнама талаптары бойынша навигатор болады. Пайдаланушының ЭҚЖЖ бойынша қызмет түрін таңдап, БСН, саланы немесе тиісті сценарийді көрсетіп, бірнеше сұраққа жауап беруі жеткілікті.
Осыдан кейін жүйе нақты қызмет аясында жеке профиль қалыптастырады. Онда eGov.kz және eLicense.kz.сілтемесі арқылы қажетті рұқсат құжаттары, бизнес жұмысының түрлі кезеңіндегі талаптар, сондай-ақ тиісті реттеу саласындағы жалпы міндеттер көрсетіледі.
Қалыптасқан профиль негізінде кәсіпкер PDF форматында анықтамалық қорытынды ала алады. Ол тілдік модельді қолдана отырып, тек профильге енгізілген нормалар негізінде, қосымша болжамдарсыз дайындалады. Құжат ақпараттық сипатта болып, қолданыстағы ережелерді тезірек парақтауға көмектеседі.
Осылайша, бизнес қажетті ақпарат табу уақытын қысқарта алады. Талаптарды бұзу қаупі азайып, жобаны бастау немесе дамыту үшін қажетті рұқсаттар мен міндеттемелер тезірек анықталмақ.
Тізілім заңнамадағы өзгерістерді қадағалайды
Жүйе заңнамадағы өзгерісті де қадағалап отырады. Нормативтік құқықтық актінің жаңа редакциясы пайда болған кезде ол оны алдыңғы нұсқамен салыстырып, қандай норма қосылғанын, өзгергенін немесе алынып тасталғанын көрсетеді.
Күші жойылған актілер қолданыстағы тізілімнен алынып тасталады. Бұл ретте өзгерістер тарихы сақталады.
Бірыңғай жүйе реттеушілік жүктемені азайтады
Мемлекет үшін тізілім бизнеске реттеуші жүктемені талдау құралына айналады. Жүйе әртүрлі нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптарды, сондай-ақ олардың арасындағы ықтимал қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Талдау кезінде қазақ және орыс тілдеріндегі нормалардың мазмұны, сандық параметрлер, субъектінің санаты және құжаттың заңды күші ескеріледі.
Байланысты актілердегі өзгерістер немесе ықтимал қайталанулар мен қайшылықтар анықталған кезде жүйе норманы қосымша қайта қарау туралы ұсыныс қалыптастырады. Түпкілікті шешімді жауапты мемлекеттік орган қабылдайды.
Бұл реттеуші жүктемені дәйекті түрде төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар талаптардың қай жерде артық екенін, қай сала неғұрлым егжей-тегжейлі реттелетінін және қандай норма қайта қарауды талап ететінін көре алады.
Сондай-ақ, жүйе нормативтік актілерді қайта қарау мерзімін қадағалап, жауапты органдарға тиісті жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туралы алдын ала хабарлайтын болады.
Алдағы уақытта Тізілімді басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және цифрлық сервистермен біріктіру жоспарлануда. Бұл бірыңғай цифрлық экожүйеде міндетті талаптар туралы дәлелденген деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.