
Отандық минералды тыңайтқыш өндірісін дамыту еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, импортқа тәуелділікті төмендетіп, Қазақстанның химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін нығайтудың негізгі бағытының бірі. Бүгінде Қазақстанда заманауи өндіріс құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Минералды тыңайтқыш азот, фосфор және калий секілді үш негізгі топқа бөлінеді. Қазақстан фосфор тыңайтқышын өндіруде тарихы бар ел. Ал одан арғы индустрияландырудың басым бағытының бірі азот және калий тыңайтқышы өндірісін дамыту болып отыр.
Азот сегментіндегі ірі жобаның бірі Маңғыстау облысындағы жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруі тиіс «KazAzot Prime» ЖШС заманауи интеграцияланған химиялық кешенінің құрылысы. Кешенді 2030 жылы іске қосу Қазақстанның аммиак шығарудағы өндірістік қуатын үш еседен аса ұлғайтып, 700 тұрақты жұмыс орны бар елдегі алғашқы карбамид өнеркәсіптік өндірісін құруға және азот тыңайтқышы импортына тәуелділікті едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Кешеннің интеграцияланған моделі өңдеу тереңдігін де арттырады: өндірілетін 660 мың тонна аммиактың шамамен 543 мың тоннасын карбамид пен аммиак селитрасын шығару үшін шикізат ретінде пайдалану жоспарлануда. Экспорттық әлеует жылына шамамен 470 мың тонна карбамид пен 98 мың тонна аммиак селитрасына бағаланады. Жетекші халықаралық трейдингтік компаниялармен уағдаластықтар Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жоспарланған экспорттық көлемнің 100%-ына дейін қол жеткізбек.
Тағы бір стратегиялық маңызды жоба – 2030 жылға қарай Қазақстанда «Qazaq Kalium LTD» ЖШС іске асыратын «Сатимола» кен орны негізінде калий тыңайтқышының алғашқы өндірісін құру. Жоба жылына 1,5 млн тонна дайын өнім шығарып, отандық химия өнеркәсібінің жаңа бағытын қалыптастыруға негіз салмақ. Қазіргі уақытта Қазақстанда калий тыңайтқышы өндірісі жоқ. Бірақ калий тұзы расталған қорының шикізат базасы 6,6 млрд тоннадан асады. АӨК-тің қазіргі жылына 14 мың тоннаға жуық қажеттілігі жағдайында ішкі нарық толығымен импортқа тәуелді. Болашақта сұраныс 300 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ішкі тұтынудың осы деңгейінде де ол Qazaq Kalium жобалық қуатының шамамен 20%-ы. Бұл экспортқа арналған өнімнің едәуір көлемі.
Жобалардың жоғары экспорттық әлеуеті өсіп келе жатқан ішкі сұранысқа сай. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне қарағанда, минералды тыңайтқыш қолдану көлемі дәйекті түрде артуда. Егер 2023 жылы фермерлер 679 мың тонна тыңайтқыш пайдаланса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млн, 2025 жылы 1,8 млн тоннаға дейін өскен. 2026 жылы оны 2,3 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 73%-ы. Тыңайтқыш қолданудың өсуі топырақтың құнарлылығын арттыруға, дақылдың өнімділігі мен аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бұл ретте ішкі сұраныстың одан әрі өсу ықтималдылығы елеулі: Қазақстанда минералды тыңайтқыш енгізу көлемі гектарына 25-35 келі. Бұл гектарына орташа әлемдік 150-160 келіге қарағандағы көрсеткіш. Сұраныстың артуы фермерлерге тыңайтқыш құнының 60%-на дейін мемлекеттік өтемақы берілуіне байланысты.
Осылайша, азот, фосфор және калий сегментінің қатар дамуы Қазақстанға ішкі нарықтың тыңайтқыштың негізгі түрлеріне қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Бұл отандық ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен өнімділігін арттырып, қосылған құны жоғары тұрақты экспорттық бапты қалыптастырады.