
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы (IPAF) Х Саммиті мен халықаралық конференциясының ашылуында сөз сөйледі.
2013 жылы Қазақстан «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ атынан Азия даму банкінің қолдауымен құрылған IPAF негізін қалаушы жеті мемлекеттік институттың бірі болды.
«Бірлескен құрылтайшыдан бастап, Форумның толыққанды мүшесі мен төрағасына дейінгі жолды өткеннен кейін, Қазақстан IPAF-ты диалог алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар аймақтың қаржылық қауіпсіздік архитектурасының және әлемдік озық тәжірибелерді әзірлеудің маңызды элементі ретінде қарастырады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бүгінгі таңда әлемдік қаржылық ландшафт терең құрылымдық өзгеріс кезеңін бастан өткеруде. Қарыз алудың жоғары құны, тауар нарығының құбылмалылығы, жаһандық жеткізу тізбегін қайта құру үкіметтерден қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін талап етуде.
«Банк секторының тұрақтылығын арттыру үшін Қазақстан тәуекелдерді алдын ала басқаруға, теңгерімдерді сауықтыруға және өзара байланысты капиталды босатуға назар аударды. Біздің міндетіміз – қаржы институттары мен мемлекеттік операторлардың жұмыс істемейтін портфельдердегі ресурстарды "қатыруына" жол бермеу. Әрбір теңге нақты экономикаға жұмыс істеуі, жаңа өндірістерді, инфрақұрылымды қаржыландыруы және жұмыс орындарын құруы тиіс. Біз капиталды тәуекелі көп қамтамасыз етілмеген сектордан нақты өндіріске қайта бағыттай алдық: кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсуі өткен жылдардағы 32%-дан 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта 3,1%-ға дейін бәсеңдеді», — деп атап өтті вице-премьер.
Қазіргі уақытта бейінді оператор – «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ трансформациясы аяқталуда. 2026 жылғы 1 қаңтардағы Қордың портфелі шамамен 160 млрд теңге. Оның 130 млрд теңгеден астамы белсенді қаржылық сауықтыру сатысындағы жобаларға тиесілі.
Қазақстан сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен, оның ішінде Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен және Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастықты дамытуда. IPAF-тың институционалдық тең құрылтайшысы және негізгі әріптесі Азия Даму банкі ерекше орын алады. Ынтымақтастықтың 30 жылында АДБ Қазақстанда $7,5 млрд аса соманың жобаларын іске асырды. 2029 жылға дейінгі ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттары және білім мен тәжірибе алмасу бағдарламасы бекітілді.
Қаржы министрі Мәди Такиев жұмыс істемейтін несиелерді басқару бірқатар уақыттан бері тек банктік тақырып болудан қалғанын атап өтті. Қаржы секторының тұрақтылығы, экономиканың инвестициялық тартымдылығы, өміршең кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтау осы жұмыстың тиімділігіне байланысты.
«Мемлекеттің басты міндеті – проблемалық активтердің ұзақ уақыт бойы экономикалық айналымнан шығып кетуіне жол бермеу. Олар ашық нарықтық баға алып, тиімді басқаруға көшіп, экономика үшін қайта жұмыс істеуі керек. Ол үшін Қазақстан активтерді сатудың құқықтық базасы мен тетіктерін дәйекті түрде жетілдіріп, цифрлық құралдарды дамытады. Жеке инвесторлардың қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Рәсімдердің ашықтығы, ақпаратқа тең қол жеткізу және нарықтың барлық қатысушысының заңды мүдделерін қорғау басым бағыт болып қала береді», — деп атап өтті Мәди Такиев.
Бұл жұмыста Проблемалық кредиттер қоры маңызды рөл атқарады. Банк секторын дағдарысқа қарсы қолдау кезеңінен өткеннен кейін, бүгінде Қор стресстік активтерді кәсіби басқаруға, олардың құнын қалпына келтіруге және мемлекеттік қаражатты қайтаруға бағытталған.
2019 жылдан бастап Қордың Ұлттық қорға аударымының жалпы көлемі 145 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы 23 млрд теңге аударылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық (12 млрд теңге). Жалпы құны 71 млрд теңге болатын қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар активтер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Стресстік активтерден қаражатты босату бизнесті несиелендіруді кеңейтуге ықпал етеді. 2026 жылғы алғашқы бес айда корпоративтік секторға жаңа беру көлемі 14,8%-ға өсіп, 8,9 трлн теңгеге жетті. Ал бизнестің жиынтық кредиттік портфелі 19 трлн теңгеден асты.
Анықтама:
IPAF (International Public Asset Management Company Forum) – стресстік және жұмыс істемейтін активтерді басқаруға маманданған Азия елдерінің мемлекеттік ұйымдарының халықаралық қауымдастығы (NPL). Форум Азия даму банкінің қолдауымен жұмыс істейді. Нақты тәжірибе алмасуға, борыштың қайталама нарығын дамытуға және аймақтың проблемалық берешегін реттеуге арналған алаң.
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ IPAF-қа 2025-2026 жылдар кезеңінде төрағалық етті.