
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың желтоқсанында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры іске қосқан «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналып келеді. Бағдарлама микро және шағын бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Оның ішінде ауылдық елді мекендер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге басымдық беріледі.
Бағдарламаның негізгі ерекшелігі - өңірлік тәсілдің қолданылуы. Әр облыстың экономикалық ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, басым бағыттар жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен айқындалады.
Бүгінде «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Ал 2026 жылы 400 млрд теңге көлемінде 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
«Іскер аймақ»: өңірлердегі табысты жобалар
Тері өңдеудегі жасыл технологиялар (Жамбыл облысы)
«Іскер аймақ» бағдарламасының қатысушыларының бірі - «Қожабекова Г.Т.» жеке кәсіпкерлігі. Бұл – Жамбыл облысында қой терісін өңдеп, үлбір бұйымдарын өндірумен айналысатын, жиырма жылдан астам тарихы бар бірегей кәсіпорын.
Кәсіпорын жыл сайын отандық аяқ киім және тігін өндірістеріне 46 мыңға жуық өңделген қой терісінжеткізіп, 20 мыңға жуық дайын үлбір өнімін шығарады. Оның қатарында әскери бас киімдер, тондар мен жартылай тондар бар. Өнімдер «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне және Қорғаныс министрлігіне жөнелтіледі. Кәсіпорын өнімдері Жамбыл, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізіледі. 2025 жылы өндірілген өнімнің шамамен 10%-ы Ресей мен Өзбекстан нарығына экспортталды.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорын күн электр панельдерін орнатты. Бұл электр энергиясына жұмсалатын шығынды 38%-ға дейін қысқартып, өндірістің энергия тиімділігін арттыруға әрі қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның нәтижесінде жыл сайын 24 мыңға дейін импорттық үлбір бұйымының орнын отандық өнім басады. Сонымен қатар өңірлік нарықтағы осы санаттағы өнімге деген сұраныстың 20%-ы Қазақстанда өндірілген дайын өнім есебінен қамтамасыз етіледі.
Күріш өндірісін дамытуға серпін (Қызылорда облысы)
«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қолдау алған кәсіпкерлердің бірі - Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Досжан Тұрлыбаев» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіпорын күріш өндірумен және өңдеумен айналысады.
Бағдарлама шеңберінде кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін 110 млн теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды. Қаражат күріш шикізатын сатып алып, оны кейіннен өңдеуге бағытталды.
Несие бойынша банктің сыйақы мөлшерлемесі 22%. Оның 8,8 пайыздық тармағы мемлекет тарапынан субсидияланатындықтан, кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 13,2%-ды құрады. Сонымен қатар жобаға «Даму» қорының кепілдігі беріліп, қажетті қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік жасалды.
Қазіргі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңдеуге мүмкіндік береді. Өнім ішкі нарықпен қатар Қырғызстан, Ресей және Ауғанстанға экспортталады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде жыл сайын 1,5–2 мың тонна импорттық күріш өнімінің орнын отандық өнім алмастырады. Сондай-ақ өңірлік нарықтағы сұраныстың 20–25%-ын жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Мемлекеттік қолдау кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Ақылды медициналық техника (Солтүстік Қазақстан облысы)
Петропавл қаласындағы «Ультрамедтех KZ» ЖШС2020 жылдан бері медициналық жабдық өндірумен айналысады.
Кәсіпорын бактерицидтік сәулелендіргіштерді, ауа рециркуляторларын, озонаторларды, ультракүлгін шамдарды, ламинарлық шкафтарды және стерильді эндоскоптарды сақтауға арналған шкафтарды шығарады. Бүгінде компания өнімдері еліміздің барлық өңіріндегі медициналық ұйымдарға жеткізіліп келеді.
«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында кәсіпорын 100 млн теңге көлемінде үш жылдық несие алды. Қаржы өндірісте қолданылатын бөлшектер мен компоненттерді сатып алуға бағытталды.
Жоба жүзеге асқаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есеге артып, жылына шығарылатын медициналық жабдық көлемі 5 мыңнан 10 мың данаға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар 5 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс көлемінің артуы шетелдік баламалардың үлесін қысқартып, қазақстандық денсаулық сақтау ұйымдарын отандық өндірістің заманауи медициналық жабдықтарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның басты артықшылықтарының бірі -өндірістен бөлек, өз бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесінің болуы. Оның көмегімен жеткізілген жабдықтың техникалық жай-күйін нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға және сервистік қызмет көрсетуді жедел ұйымдастыруға болады.
TARIX брендінің ірімшіктері (Түркістан облысы)
Түркістан облысындағы «Бахар» жеке кәсіпкерлігіTARIX брендімен ірімшік өндіруге маманданған. Кәсіпорын жергілікті сүт шикізатын өңдеп, өңірдегі сүт өндірушілермен тұрақты ынтымақтастық орнатқан. Осылайша облыстың өңдеу өнеркәсібінің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Бағдарлама аясында кәсіпорын 100 млн теңге көлемінде несие алды. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 21%. Оның 8,4 пайыздық тармағын мемлекет субсидиялайды, нәтижесінде кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 12,6%-ды құрады.Қаражат сүт шикізатын сақтауға арналған арнайы қойма салуға бағытталды.
Жоба іске қосылғаннан кейін ірімшік өндіру көлемі тәулігіне 200 келіден 260 келіге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар жыл сайын 40 тоннаға дейін импорттық сүт өнімінің орнын отандық өнім басып, өңірлік нарықтағы сұраныстың 5%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өнім Түркістан облысының аумағында, оның ішінде Шардара және Жетісай аудандарында, сондай-ақ Түркістан қаласында сатылады.
Жоба жергілікті фермерлік шаруашылықтарменынтымақтастықты нығайтуға, отандық сүт шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Отандық тұрмыстық бұйымдар өндірісі (Ақтөбе облысы)
Ақтөбе қаласындағы «Жантлеуова Г.А.» жеке кәсіпкерлігі төсек-орын жабдықтары мен тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдар өндіреді. Кәсіпорын көрпе, жастық, көрпе-төсек, матрас, сандық және жасауға арналған бұйымдар шығарады. Өндірісте табиғи материалдар заманауи дизайн шешімдерімен ұштастырылады. Бүгінде кәсіпорын өнімдері тек Ақтөбе облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде сұранысқа ие.
«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында кәсіпкер 3 жыл мерзімге 35 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. Қаражат айналым қаражатын толықтыруға, шикізат қорын ұлғайтуға, өндіріс сапасын жақсартуға және өнімді нарыққа ілгерілетуге бағытталды. Көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өндіріс көлемі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, тәулігіне шығарылатын жастық саны 12-ден 20 данаға, ал көрпе өндірісі 30-дан 50 данаға дейін өсті.Кәсіпорындағы қызметкерлер саны 7 адамнан 10 адамға дейін көбейді. Алдағы уақытта қосымша 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлердің тәжірибесі мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Бағдарлама кәсіпорындардың өндірісін жаңғыртуға, өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өткізу нарығын кеңейтуге және импорттық өнімнің үлесін отандық тауарлармен алмастыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Іскер аймақ» бағдарламасына қалай қатысуға болады?
Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге мынадай қолдау тетіктері ұсынылады:
Бағдарлама бойынша толық ақпаратты «Даму» қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады. Шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін көшпелі фронт-офистер жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлерден өтінімдерді жергілікті жерде қабылдайды.
Сонымен қатар қаржыландыруға бағдарламаның серіктес банктері арқылы да өтінім беруге болады. Қазіргі уақытта «Даму» қоры екінші деңгейдегі 8 банкпен және 4 лизингтік компаниямен ынтымақтастық орнатқан.
Бағдарлама туралы толық ақпаратты, сондай-ақ Қор филиалдарының байланыс деректері мен мекенжайларын www.damu.kz ресми сайтынан білуге болады.