Ерлан Сағынаев Алматыда: өндірістік алаңдардан әлеуметтік кәсіпкерлікке дейін- бизнесті бүгінгі таңда толғандыратын мәселелер

Ерлан Сағынаев Алматыда: өндірістік алаңдардан әлеуметтік кәсіпкерлікке дейін- бизнесті бүгінгі таңда толғандыратын мәселелер

Бүгінде 362 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейтін, миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған Алматы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың жұмыс сапары кестесіндегі кезекті өңірге айналды. Сапардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлермен мемлекеттік саясат деңгейіндегі шешімді талап ететін мәселелерді талқылау, сондай-ақ бизнесті қолдаудың қолданыстағы шараларының тиімділігін бағалау.

Алматы еліміздің ірі кәсіпкерлік орталығы. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі 30,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 12%-ы.

Бизнес, мемлекеттік органдар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар отандық өндірушілер мен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімдерін жетілдіру, қаржыландыруға қол жеткізуді арттыру, стартаптарды қолдау, әкімшілік жүктемені азайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, сондай-ақ отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тақырыбын көтерді.

Ерлан Сағынаев қатысушыларды бизнесті мемлекеттік қолдаудың жүзеге асырылып жатқан шаралары туралы хабардар етті. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктерін, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары шеңберінде жеңілдікпен қаржыландыруды, сондай-ақ «Даму» қорының кепілдік қолдауын пайдалана алады. 2026 жылы Алматыда осы шараларды жүзеге асыруға 35 млрд теңгеден көп қаражат қарастырылған.

Жұмыс сапары дөңгелек үстел форматындағы мәселелерді талқылаумен шектелген жоқ. Вице-министр қаланың бірқатар өндірістік кәсіпорындарында болып, олардың қызметімен, өндірістік процестерімен және даму жоспарларымен танысты. Барған объектілердің қатарында қасбеттік термопанель шығаратын «TEPLOSTIL» ЖШС, жылу және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдық өндіруге маманданған «Энергетикалық компания» ЖШС, сондай-ақ кабель-өткізгіш өнімін шығаратын «HARMONY CABLE» ЖШС бар.

Бағдарламаның тағы бір легі әлеуметтік кәсіпкерлікке арналды. Ерлан Сағынаев түрлі салада жұмыс істейтін бірнеше әлеуметтік кәсіпорынға барып, олардың басшыларымен қолданыстағы қолдау тетіктерін жетілдіру мәселесін талқылады. Аталған бастамалар ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметі шеңберінде қаралатын болады.