ҰЭМ-де әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды

ҰЭМ-де әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының бұйрығымен құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесі жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өткізілді. Жұмыс тобын ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев басқарды.

Оның құрамында мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, "Ashyk Kogam әлеуметтік даму және инновациялар қоры" қоғамдық қорының, Қазақстанның әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің Консультациялық кеңесінің және Astana International University өкілдері бар.

Жұмыс тобы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормалары секілді әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы кешенді жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын дамыту және тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар дайындау үшін құрылған.

Отырысты ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Алмагүл Мәжренова бастап, қатысушыларға жұмыс тобын құрудың мақсатын, оның негізгі міндеттерін, жұмыс форматы мен отырыстарды өткізу тәртібін жариялады.

Кездесуге қатысушылар өз қызметінің негізгі бағыттарын белгілеп, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы құқықтық базаны жетілдіру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендерін білдірді.
Басым бағыттардың қатарында заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту, өңірлерде құқық қолдану тәжірибесін талдау, өңірлік комиссиялар қызметіне бірыңғай тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жаңа құралдарын әзірлеу белгіленген.

Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобының кездесулерін тұрақты негізде, үш аптада бір рет өткізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, қатысушылардың өзара іс-қимыл тәртібі мен заңнаманы одан әрі жетілдіруге негіз болатын ұсыныстарды дайындау мерзімі анықталды.

Жұмыс тобының қызметі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жүйелі көзқарас қалыптастыруға, осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға және Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлердің жұмысы үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.