Астанада МЖӘ дамыту бойынша халықаралық инвестициялық диалог өткізілуде: инвесторларға жеті ірі инфрақұрылымдық жоба таныстырылды

Астанада МЖӘ дамыту бойынша халықаралық инвестициялық диалог өткізілуде: инвесторларға жеті ірі инфрақұрылымдық жоба таныстырылды

Астанада Азия даму банкінің қолдауымен ұйымдастырылған Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту бойынша халықаралық инвестициялық диалог өткізілуде. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық қаржы институттары, инвесторлар, банктер мен жетекші халықаралық консультанттар қатысуда.

Диалогтың негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобаларға жеке капитал тарту перспективасын талқылау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін жетілдіру және мемлекет, инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Бағдарламаның басты оқиғасы – халықаралық қаржы институттарының қатысуымен іске асырылатын ерекше маңызы бар МЖӘ жобаларының роудшоуы. Әлеуетті инвесторларға жеті ірі инфрақұрылымдық жоба ұсынылып отыр.

Олардың қатарында Қарағанды, Семей, Ақтөбе мен Алматы қаласында университеттік аурухана салу, Алматыда Satbayev University жаңа студенттік жатақханаларын салу, «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолының жобасын іске асыру, сондай-ақ Маңғыстау облысында теңіз суын тұщыландыру зауытын салу бар.

Тақырыптық сессиялар шеңберінде қатысушыларға әлеуметтік инфрақұрылым жобалары, соның ішінде Семей мен Ақтөбеде салынатын ауруханалар мен Satbayev University студенттік жатақханаларының құрылысы егжей-тегжейлі айтылды.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдайға қарағанда, Қазақстанда жалпы сомасы 3,65 трлн теңгеге 1 241 мемлекеттік-жекешелік әріптестік және концессия шарты жасалған. Тартылған инвестиция көлемі 1,42 трлн теңгеге немесе шамамен 2,9 млрд АҚШ долларына жетті.

Таңертеңгілік сессия барысында халықаралық банкирлер мен мемлекеттік орган өкілдері инфрақұрылымды трансформациялау мәселесін талқыласа, түскі астан кейін қатысушылар практикалық бөлімге көшеді. Тәжірибелі спикерлер бизнес-идеяны әзірлеуден бастап оны нарыққа шығаруға дейінгі дайын кейстерді ұсынады. Ең бастысы, іс-шара шеңберінде market sounding (нарықтық консультациялар) сессиясы өткізілуде.

 Халықаралық инвестициялық диалог жүргізу Қазақстанның халықаралық капиталдың қатысуымен ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда сенімді алаң ретіндегі ұстанымын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытуға және ел экономикасына инвестиция тартуға қосымша серпін беруге арналған.