
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға ресми сапары шеңберінде Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесу өткізді.
Ауғанстанның ішкі істер министрі Қазақстанға және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауған халқына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Ол аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара сенім мен құрметтің, сындарлы іс-қимылдың маңызды екенін атап өтті.
Серік Жұманғарин де өз тарапынан Ауғанстан Қазақстанның Орталық және Оңтүстік Азиядағы маңызды әріптесі екенін жеткізді. Қазіргі уақытта екі елдің бейінді ведомстволары есірткі бизнесі мен экстремизм секілді трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін пысықтауда. Қазақстандық тарап тікелей байланыс орнатуда тиісті ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екендігін білдірді. Вице-премьердің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сауда-экономикалық байланысты кеңейтудің, инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі факторының бірі.
Тараптар кинологиялық қызмет мамандарын даярлау саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Серік Жұманғарин бұған дейін ауған тарапы екі елдің есірткіге қарсы бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу жөнінде бастама көтергенін еске салды. Осыған байланысты Қазақстан ІІМ Алматыдағы ІІМ Кинологиялық орталығының базасында ауған кинологтарын оқытуды ұйымдастыруға дайын. Қазақстан биыл бес маман даярлап шығарса, келесі жылы ауған тарапына бес қызметтік ит беруді ұсынып отыр.
Кездесу барысында Ауғанстанның ішкі істер министрлігінің қарамағындағы Мазари-Шарифтегі азот өндіру зауытын жаңғыртуға қазақстандық мамандардың қатысуы талқыланды. Қазақстандық инженерлер кәсіпорынға барған болатын. Келесі кезеңде нысанға техникалық тексеру жүргізіледі. Жабдықты жаңғырту қажеттілігі анықталып, жұмыс құны бағаланады. Қазақстандық кәсіпорындар өндірісті технологиялық жаңарту, инжиниринг, жабдық жеткізу мен іске қосу, жөндеу жұмысын сүйемелдеу саласында қажетті құзыретке ие. Осыған байланысты тараптар жобаны қаржыландыру, міндеттемені орындау кепілдігі, сондай-ақ логистиканы, мамандардың өндірістік алаңға қол жеткізуі мәселесін талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растап, қауіпсіздік кепілдігі, сенімді логистикалық қатынас, құқық қорғау органдарымен жедел өзара іс-қимыл ұзақмерзімді экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай екенін атап өтті.