
29 мамырда Астанадағы Президенттік орталықта «Еуразиядағы орнықты даму мақсаттары» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен бірлесіп, Қазақстандағы БҰҰ Өңірлік өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Пленарлық сессияға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі және ОДМ-ға қол жеткізу мәселелері бойынша арнайы өкілі Борис Титов және дипломатиялық, ғылыми және бизнес қауымдастықтың басқа да жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев климаттың өзгеруі, әлемдік экономиканың трансформациясы және трансшекаралық сын-қатерлер жағдайында халықаралық диалогты нығайту және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлескен тәсілдерді әзірлеу аса маңызды екенін атап өтті.
Асан Дарбаев сондай-ақ Қазақстанда климаттың өзгеруіне төзімді жаңа экономикалық даму моделі қалыптасып жатқанын айтты. Төмен көміртекті даму орнықты дамудың маңызды шарты болып табылады және жаһандық климаттың өзгеруінің апатты салдарының алдын алуға бағытталған.
Сөзін қорытындылай келе, Вице-министр тек бірлескен және уақтылы қабылданған шешімдер ғана болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сонымен қатар конференция аясында Вице-министр мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы Атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясиннің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және интеграциялық үдерістерді тереңдету мәселелерін талқылады.