2026 жылы Павлодар облысында кәсіпкерлікті дамытуға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады

2026 жылы Павлодар облысында кәсіпкерлікті дамытуға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады

18 мамыр күні Достық үйінде ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сагнаев Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Ерлан Сагнаев бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту және бизнес-климатты жақсарту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

«Елімізде бизнес мәселелерін шешу үшін мемлекет пен кәсіпкерлердің жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тұрақты диалог алаңдары жұмыс істейді», — деп атап өтті вице-министр.

Агроөнеркәсіптік кешенді, сауданы, туризмді, логистиканы және өнеркәсіпті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда бизнесті қаржылық қолдау үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда: пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы кепілдіктер беру.

Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылы Павлодар облысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 13 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Ашық диалог аясында бизнес өкілдері қаржыландыру, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, сауда, салықтық әкімшілендіру және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ Ерлан Сагнаев өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дидактикалық материалдар мен ойыншықтар шығаратын «Kutubu Sitta» ЖШС, тігін өндірісі мен полиграфиялық қызметтерге маманданған «Темирова» ЖК, сондай-ақ мектеп жиһаздарын өндіретін отандық ірі кәсіпорындардың бірі — «TROYA» ЖШС бар.