Парламент елорданың мәртебесі мен ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Парламент елорданың мәртебесі мен ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «ҚР астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобалары мен басқа да заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырды.

Оның айтуынша, «ҚР астанасының мәртебесі туралы» заң жобасы елорданың елдің саяси, әкімшілік және экономикалық орталығы ретіндегі ерекше рөлін бекітуге мүмкіндік береді. Құжаттың негізгі міндеті елорданың ерекше мәртебесін анықтау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру болып табылады.

Құжат елорда мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттігін нақтылауды және жүйелендіруді көздейді. Атап айтқанда, оларға сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысын ұйымдастыру, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм және коммуналдық меншікті басқару саласындағы негізгі құзыреттер беріледі. Бұл ретте мәслихат пен әкімдіктің өзге салалық заңдарда көзделген өкілеттігі сақталады.

Сондай-ақ, заң жобасы бойынша, елорданың қала маңындағы аймағының шекаралары мен өлшемдерін, сондай-ақ оны пайдалану тәртібін Үкімет қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсынысы негізінде айқындайды.

Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, жолдарды санитарлық тазартуға, туризмді дамытуға және жер қатынастарын реттеуге қатысатын ұйымдардың құқықтық мәртебесі арнайы блокта бекітіледі.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жүргізіліп жатқан конституциялық реформа шеңберінде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру ерекше мәнге ие болып отырғанын атап өтті.

«Осыған байланысты Конституциялық заң жобасы жаңа Конституцияның талаптарына сәйкес және қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заңның негізінде әзірленді. Яғни, бұрын қалыптасқан құқықтық жүйенің сабақтастығы сақталып, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығы қағидаты қамтамасыз етіледі. Конституциялық заң жобасына әкімшілік-аумақтық бірліктерді айқындауға, оларды құру, қайта құру және тарату тәртібін реттеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін белгілеуге қатысты нормалар енгізілген», - деп толықтырды Бауыржан Омарбеков.

Ол тарихи түрде қалыптасқан өңірлік ерекшеліктер ескеріліп, әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаты бекітілгенін жеткізді.