Қазақстан Дүниежүзілік банкке тұрақты экономикалық өсу жөніндегі конференция өткізуді ұсынды

Қазақстан Дүниежүзілік банкке тұрақты экономикалық өсу жөніндегі конференция өткізуді ұсынды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде өткізілген «Қазақстан реформалар толқынында» дөңгелек үстел барысында жаңа бастама көтерді.

Серік Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан тұрақты және сапалы экономикалық өсу үшін жағдай жасай отырып, негізгі секторлардағы реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруда.

«Біз инвестициялық базаны кеңейтуге, жаңа өндірісті дамытуға және экспортқа бағдарланған саланы қолдауға арналған проактивті экономикалық өсу стратегиясын жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар институционалдық негіз – салық-бюджет саласындағы, корпоративтік сектордағы және инвестициялық саясаттағы реформалар, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту есебінен күшейтілуде», — деді ол.

Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және даму агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, жүргізіліп жатқан реформалар тұтас әрі орнықты экономикалық бағытты қалыптастыруға арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік сектор Президент деңгейінде басталған реформаларға жүйелі көзқарас пен үйлестіруді қамтамасыз ете отырып, қайта құруды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.

Ел экономикасы тұрақты серпінді көрсетіп отырғаны атап өтілді. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсуі тұрақты түрде 5%-дан асып, 2025 жылғы қорытынды бойынша 6,5%-ға жетті. Тауар өндірісі 8,7%-ға, қызмет көрсету секторы 5,2%-ға өсті.

Инвестиция өсудің негізгі қозғаушы күші ретінде өз рөлін сақтап отыр. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 13%-ға өсіп, $43,6 млрд-қа (22,7 трлн теңге) жетті. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $20,5 млрд (+14,4%).

2026 жылы өсу жалғасуда. ТШО-дағы оқиғаға және КҚК бойынша шектеуге байланысты мұнай өндірудің уақытша төмендеуіне қарамастан, экономика кеңеюін жалғастырды: бірінші тоқсанда ЖІӨ өңдеу өнеркәсібі (8,5%), көлік (12,8%) және құрылыс (14,8%) есебінен 3%-ға өсті.

Жоғары макроэкономикалық тұрақтылық сақталуда. Халықаралық резерв 2025 жылдың басынан бастап, Ұлттық қордың $62,9 млрд активін қосқанда, 23,8%-ға $129,5 млрд-қа ұлғайды. Бұдан басқа, Қазақстан мемлекеттік қарыздың төмен деңгейін сақтап отыр: он жылдан аса уақыт бойы қарыздың ЖІӨ-ге арақатынасы шамамен 25% деңгейінде тұрақты болып отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мемлекеттік қарыз шамамен 73 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 22,8%-ы.

Үкімет экономиканы әртараптандыруға баса назар аударуда. Өсудің жаңа моделі өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық саланың рөлін күшейтуді көздейді. ЖІӨ-дегі қайта өңдеу үлесі 2010 жылғы 11,3%-дан 2025 жылы 12,7%-ға өссе, өндіруші сектордың үлесі екі есеге жуық, 9,5%-дан 11,9%-ға дейін қысқарды.

Сондай-ақ Қазақстан халықаралық рейтингтегі позициясын жақсартып отырғаны атап өтілді: Экономикалық күрделілік индексінде ел 2020-2024 жылдары 87-ші орыннан 55-ші орынға көтерілді.

Инвестицияның өсуін жеделдету үшін оның ЖІӨ-дегі үлесін 2029 жылға қарай 23%-ға арттыру жоспарлануда. Бұл қосымша шамамен $120 млрд тартуға және бес жыл ішінде жалпы инвестиция көлемін $400 млрд-қа жеткізуге мүмкіндік береді.

Басымдықтар қатарына шикізат пен агроөнімді қайта өңдеу, металлургия, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, газ саласы, фармацевтика және қосылған құны жоғары АӨК сегменттері жатады.

Бұл жобаларды жүзеге асыру еңбек өнімділігін арттыруы тиіс. Бұл «орташа табыс тұзағын» жеңудің негізгі факторы.

«Белсенді экономикалық өсу саясаты инвестицияны пассивті тартудан жобаларды белсенді қалыптастыруға және іске қосуға көшуді көздейді. Біз нақты саланың қажеттілігіне назар аударып, технологиялар мен сараптама арқылы стратегиялық әріптестерді тартамыз», — деп атап өтті вице-премьер.

Осы саясат шеңберінде азық-түлік секторында 12 бағыт, ал азық-түлік емес секторда 24 бағыт анықталды. Жалпы портфель 700 млрд теңгеден астам сомаға 274 жобаны қамтиды.

Алатау қаласын дамытуға ерекше назар аударылады. Ол басқарудың ерекше режимі және өзінің қаржылық моделімен жаңа өсу нүктесіне айналады. Қалада салықтық жеңілдік, «бір терезе» қағидатын, халықаралық стандарттар мен инвесторлар үшін күшейтілген кепілдіктерді енгізу жоспарлануда.

2050 жылға қарай бұл өңірдегі ЖӨӨ-ні $40-50 млрд-қа ұлғайтуға, халық санын 1,8 млн адамға жеткізуге және шамамен 1 млн жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Дүниежүзілік банк өкілдері талқылау барысында жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, өсу қарқыны мен экономика мүмкіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау, сондай-ақ өнімділік динамикасы мен инфляциялық тәуекелді ескеру қажеттігін атап өтті.