
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қосшы қаласында Ақмола облысының фермерлерімен кездесті.
Ақмола облысы – еліміздің жетекші аграрлық өңірінің бірі. Өңір өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі – шамамен 15%. 2025 жылы мұнда рекордтық астық өнімі жиналды – 7,6 млн тонна. Бұл республикалық көлемнің төрттен бірінен асады.
Өңір сонымен қатар дақылдарды әртараптандыру динамикасын көрсетуде. 2025 жылы майлы дақыл алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жетіп, 2,5 есе ұлғайды. Биыл 580 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы егіс алқабы – 5,6 млн гектар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 76 мың гектарға артық.
Кездесудің негізгі тақырыбы – Салық кодексінің жаңа нормалары және Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин атап өткендей, жоспар саланың жүйелі мәселелерін, бүкіл өндірістік тізбек бойынша қолжетімді қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталған. Оны жүзеге асыруға 374 млрд теңге қарастырылған.
Наурыздың басынан бері жылдық 6%-дан аспайтын белгіленген мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жаңа несиелік өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған:
* «Игілік» – көлемі 100-ден 500-ге дейін ірі қара және 500-ден 1000-ға дейін ұсақ мал шаруашылығы үшін;
* «Береке» – көлемі 500 бас ІҚМ және 1000 бас ұсақ мал болатын ірі шаруашылық үшін.
Жақын арада ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлері бойынша кредит беру бағдарламалары кеңейтіледі.
Серік Жұманғарин импортқа тәуелділік сақталатын азық-түлік өндірісін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді тереңдету басымдық ретінде қалып отырғанын баса айтты. Мемлекет бүгінде саланы қолдау құралдарын күшейтуде. Бұл ретте 2026 жылы мал шаруашылығын еліміздің бәсекелестік артықшылығы ретінде дамытуға басты назар аударылды.
Кездесу барысында диқандар бірқатар ұсыныс айтты. «Отан» Агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр жер ресурстарына байланысты тиімділіктің нақты көрсеткішін белгілеуді және оны мемлекеттік қолдау көрсету кезінде ескеруді ұсынды. Сондай-ақ жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қажет, бұл оның рентабельділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аграрлық селекциялық жұмыстарды, атап айтқанда, қолдан ұрықтандыру ісін дамытуға, отандық және импорттық асыл тұқымды малды субсидиялау шарттарын теңестіруге баса назар аударылды. Оның айтуынша, отандық асылтұқымды мал сырт жердікінен кем түспейді және жергілікті жағдайға толықтай бейімделген.
Бизнес өкілдері нақты мәселелерді қозғады. «Логос грейн» тобының директоры Арман Құдайбергенов ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаушыларға ҚҚС өтеу тетігі бойынша сұрақ қойып, астықты экспортқа жеткізуге көліктік субсидия төлеу мерзімін нақтылады.
«Agro Milk Projekt» ЖШС директоры Юрий Швец 2024 жылы ӘКК арқылы жеңілдікті несиеге сүтті мал сатып алып, 400 басқа арналған ТСФ құрылымын өз бетінше тұрғызғанын айтты. Жақын арада кәсіпорын кеңейтіліп, тағы 300-ге жуық сүтті мал сатып алуды жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаж жұмысын жеңілдікпен несиелеу мүмкіндігі мәселесі көтерілді.
Барлық сұраққа аграршылар толық жауап алды.
Жұмыс сапары шеңберінде Серік Жұманғарин бірқатар кәсіпорынға да барды. «Алтын Қазық» ЖШС шикізатты өсіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі өңдеудің толық циклін жүзеге асырады. Кәсіпорын құрылымына бордақылау алаңы, сою цехы, ветеринарлық зертхана, көкөніс қоймасы, шұжық цехы кіреді. Ауыл шаруашылығы алқабының жалпы ауданы 12 мың гектар. Оның 1 мың гектары суармалы. Қайта өңдеу көлемі жылына 10 мың тонна ет өніміне жетеді. Кәсіпорын Катарға қой экспорттап, БАӘ нарығына шығуды пысықтауда.
Сондай-ақ «IL-TOV» ЖШС (Aitas тобы) зауытында да мұздатылған жартылай фабрикаттарды қоса алғанда, тауық етін тереңдей өңдеуді өндіру жолға қойылған. Шығару көлемі жылына 3346 тонна. Алдағы үш жылда кәсіпорын өндірістік қуатты арттыруды жоспарлап отыр.