Наурыз Ұлттық экономика министрлігінде: дәстүрлер, құрметтеу және жаңа міндеттер

Наурыз Ұлттық экономика министрлігінде: дәстүрлер, құрметтеу және жаңа міндеттер

Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өткізілді. Бірлікке ұйыстырып, жаңа бастамаларға үндейтін жаңару мерекесі ведомство ұжымын одан әрі біріктіре түсті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жиналғандарға арнап, құттықтау сөз сөйледі. Ұжымға арнаған жылы лебізді сөзінде ол наурыздың жаңа кезеңнің бастауы ретінде халқымыздың салт-санасындағы маңыздылығын айрықша атап көрсетті.

"Жаңа жыл қашанда жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Біздің алдымызда тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ауқымды мақсаттар тұр. Мемлекеттік қызметшілер осы міндеттерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Сіздердің кәсіби, жауапкершілік пен адал ниеттеріңіз барлық бастамаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін",-деп атап өтті вице-премьер.

Салтанатты жиын аясында марапаттау рәсімі өткізілді. "Экономика саласына қосқан үлесі үшін" медалімен Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің бас сарапшысы Ләззат Керейтбаева, Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Бақыткүл Сәдуақас, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бас сарапшысы Алма Жүсіпова, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Ғылым жөніндегі кеңесшісі Азамат Нұрсейітов, "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ департаментінің директоры Айгүл Садықова, "Микрография ғылыми-зерттеу институты" РММ экономисі Ақжарқын Қойшегулова, "Заң саласының үздігі" төсбелгісімен Заң департаментінің бас сарапшысы Мұрат Рахметолдин марапатталды.

Министрлікте "Наурызнама"онкүндігі аясында бірқатар шаралар өткізілді. Мәдени-танымдық және спорттық жарыстарға 12 құрылымдық бөлімше мен комитеттер қатысты.

Кабинеттерді ұлттық нақышта безендіру бойынша "Наурыз шуағы – кабинетімізде" байқауы жарқын оқиғаға айналды. Министрліктің барлық қызметкерлері ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықты құрметтеуді паш етіп, белсенділік танытты.

Салтанатты жиында байқау нәтижесі атап айтылды: бірінші орынды Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті, екінші орынды Стратегиялық талдау және даму департаменті, үшінші орынды Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаменті иеленді. Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.