
Халықаралық валюта қоры деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіреді. Экономиканың орнықтылығы мен тұрақтылығы жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктердің - Moody’s, Fitch Ratings және Standard & Poor’s - бағалауларымен де расталады. Қазақстан бұл агенттіктермен 1996 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді.
2002 жылдан бастап Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық деңгейдегі егемен кредиттік рейтингі бар жалғыз мемлекет болып табылады.
Қолданыстағы егемен рейтингтің арқасында 2024–2025 жылдары Қазақстан тартымды қарыз алу шарттарымен халықаралық қарыз капиталы нарығына сәтті қайта шықты. Осы кезеңде ел жалпы сомасы 5,5 млрд АҚШ долларын құрайтын еурооблигацияларды үш рет орналастырды. Бұл жаһандық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің дәлелі әрі халықаралық нарық қатысушылары үшін оның сенімді, перспективалы және тәуекелі төмен екенін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
2025 жылғы 15 шілдеде Fitch Ratings Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады.
2025 жылғы 30 қыркүйекте Moody’s Қазақстан Республикасының бұрын берілген егемен кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде сақтап, болжамын «Тұрақты» деп белгіледі.
2025 жылғы 22 тамызда Standard & Poor’s Қазақстанның егемен рейтингінің болжамын «Тұрақтыдан» «Позитивтіге» жақсарта отырып, рейтингті «BBB-» деңгейінде растады. Агенттіктің шешімі елдің институционалдық және экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы тұрақты ілгерілеуін көрсетеді. Олардың ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің қабылдануы да бар.
2026 жылғы 20 ақпанда Standard & Poor’s Қазақстан Республикасының егемен кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінде «Позитивті» болжамын сақтай отырып растады.
Рейтинг пен позитивті болжамның сақталуы фискалдық консолидацияның жалғасуымен, жоғары өтімді активтердің елеулі буферлерінің болуымен, экономиканы әртараптандырудың жалғасуымен, ауқымды цифрландыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен, сондай-ақ институционалдық және әкімшілік реформалардың жалғасуымен байланысты.
Қатаң фискалдық ережелерді сақтау, соның ішінде Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәртібі, сондай-ақ мұнайға жатпайтын салық базасын кеңейту мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Standard & Poor’s сарапшылары өткен жылы басталған, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны да оң бағалады. Басым секторлардағы «Бәйтерек» холдингінің жобаларының ауқымы мен портфелі алдыңғы жылдармен салыстырғанда ЖІӨ-ге шаққандағы инвестициялар деңгейін жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Болжамдарға сәйкес, экономиканы әртараптандыру процесі жалғасады. Өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ құрылымындағы үлесі екінші жыл қатарынан тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті және жедел деректер бойынша 2025 жылы 12,7%-ға жетті.