
"Бір ауыл – бір өнім" жобасының қазақстандық өнімі FOODEX JAPAN 2026 халықаралық азық-түлік көрмесінде ұсынылған. Отандық өндірушілердің қатысуы өңірлік тауарларды ілгерілетуге, ауыл кәсіпкерлерін қолдауға және олардың шетелдік нарықтарға қатысуын арттыруға бағытталған.
Көрме Токиодағы Tokyo Big Sight көрме орталығында өткізіледі. Бұл биылғы жылы 51-рет өткізіліп отырған Азиядағы ең ірі азық-түлік алаңының бірі. Қазақстан отандық өндірушілердің өнімін ұсына отырып, екінші жыл қатарынан іс-шараға қатысады. Көрменің алғашқы күнінде Қазақстанның ұлттық стенді келушілер мен кәсіби сатып алушылардың назарын аударды. Қазақстандық бал ерекше қызығушылық тудырды. Оның жоғары сапасын Жапон ара өсірушілер қауымдастығы атап өтті.
Ағымдағы жылы көрмеде еліміздің әртүрлі өңірінде өндірілген өнімнің он түрі ұсынылған. Олардың ішінде күнбағыс және беде балы, жантақ балы, балқарағай майы, иван шайы, жантақ шайы, балқарағай ұны, түйе сүті ұнтағы және шырша эфир майы бар. Мұндай халықаралық алаңдарға қатысу отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік туғызып, қазақстандық өнімді шетелде ілгерілетуге ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы көрмеге әлемнің 74 елі мен аймағынан 2930 компания қатысып, кәсіби келушілер саны 72 мыңнан асты.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы FOODEX JAPAN-да 2023-2024 жылдардағы БАБӨ жобасының өнімдері ұсынылған болатын. Сол кезде қазақстандық бал мен Алтай шайлары қатысушылардың ең көп қызығушылығын тудырған. Ал жантақ балы көрменің үздік үштігіне кірді. FOODEX JAPAN 2026 жұмысы 13 наурызға дейін жалғасады.